Республикалық жолдарда үш күн ішінде заңсыз нөмір таққан 900-ден астам көлік анықталған
АСТАНА. KAZIFORM - Заңсыздықтар көлік прокуратурасы органдарының, полицияның, көлік бақылау инспекциясының және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның бірлескен күшімен, 8-10 қаңтар аралығында жүргізілген сауықтыру шарасы барысында анықталған.
Бас көлік прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған шара жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану фактілерінің жолын кесуге бағытталған.
- Іс-шара барысында елдің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалған, қолдан жасалған немесе оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын басқарудың 900-ден астам фактісі анықталды. Анықталған барлық фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданып, оның ішінде айыппұл салу, сондай-ақ сот шешімдеріне сәйкес өзге де жауаптылық шаралары қолданылды, - делінген хабарламада.
Талдау көрсеткендей, жүргізушілер жалған нөмірлік белгілерді көбінесе ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өткені үшін төлем жасаудан жалтару, белгіленген жылдамдық шектеулерін асыру, сондай-ақ салмақ-габариттік бақылаудан өту кезінде жүк көліктерінің нақты салмағын жасыру мақсатында пайдаланады.
Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 40 мыңнан астам факт анықталған.
Прокуратура органдары мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жол-көлік оқиғаларының туындауына ықпал ететінін атап өтеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.
Осыған дейін Қызылордада бір күнде екі көлік ұрлаған күдікті ұсталғаны туралы жаздық.