Республикалық автожолдардың бойында 40 медициналық құтқару бекеті ашылады

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 2015 жылға дейін республикалық автожолдардың бойында 40 медициналық құтқару бекеті ашылатын болады.

Республикалық автожолдардың бойында 40 медициналық құтқару бекеті ашылады

Осындай бекеттердің бірі кеше Алматы - Екатеринбург тас жолы бойындағы Қарағанды - Балқаш және Ақшатау - Ақадыр жол айрығында ашылды. «Қазіргі кезде бекетте жұмыс істейтін қызметкерлердің бес адамнан тұратын құрамы жасақталды. Олар - дәрігер, фельдшер, диспетчер және екі құтқарушы. Медициналық-құтқару бекетінде арнайы реанимациялық көліктер бар. Онда барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар орнатылған», - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті.

Айта кетейік, 2011 жылдан бері медициналық-құтқару бекеттері Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ашылып жатыр. Осы уақытқа дейін олардың қатысуымен апатқа ұшыраған 513 адамға көмек көрсетілді.