Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мемлекеттік тіл мен отансүйгіштік тақырыбы қаралды - Көкшетау
КӨКШЕТАУ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Мемлекеттік тіл және қазақстандық отансүйгіштік бәсекеге қабілетті мемлекет құру факторы ретінде» тақырыбы қаралып, тиісті ұсыныстар қабылданды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Орталық Азия елдерінің даму процестерін зерттейтін халықаралық орталық» қоғамдық қоры, Ақмола облысы әкімдігі бірлесіп өткізген салиқалы басқосуға еліміздің әр түкпірінен саясаттанушылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен жастар бірлестіктерінің көсбасшылары, жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысып, күн тәртібідегі қаралған мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді. Еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуына қажетті алғышарттар, қоғам дамуы, жастар арасындағы қазақстандық отансүйгіштік рухта тәлім-тәрбие жұмыстарын ғылыми негізде жүргізу, ұлттық құндылықты кеңінен насихаттау жайы тілге тиек етілді.
Жиналған қауым алдында саясаттану ғылымдарының кандидаты, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кеңесінің төрағасы, бас директоры Жұмабек Кенжалин, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Алматы қаласы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғыманов мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, жастар арасындағы отансүйгіштік тәлім-тәрбие беруде, ұлттық құндылықты жастар санасына сіңдіруде инновациялық озық жетістіктерді молынан қолданысқа енгізу жайын арқау етті.