Республикалық пәндік олимпиаданың 1-ші туры өтті
АҚТАУ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін республикалық пәндік олимпиадаға қатысып жатқан 603 оқушы алғашқы тур сынақтарын тапсырды. Жаратылыстану-математика циклы бойынша үміткерлер Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде, ал гуманитарлық циклынан білім сайысына түскендер Ақтау қаласындағы №10 орта мектептің базасында байқауға қатысып, білімдерін сынады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Олимпиада жоспарлағанымыздай өтіп жатыр. Оқушылар да оған бар ынтасын салып, жеңіске деген құлшыныспен кірісті. Олар 4 сағатқа жуық пән ерекшелігіне қарай сынақ шарттары бойынша тапсырмаларын орындап шықты. Бұған қоса қатысушылардан осы киелі өлке туралы да жазбаша түрде пікір алдық. Маңғыстау жері, Ақтау қаласы, Каспий теңізі т.б алған әсерлері жайлы жазған ойлары қазір бір журнал болып тұр. Мұны біз алдағы күндері «Маңғыстау мұғалімі» журналына жарияламақпыз. Биылғы олимпиаданың біз үшін тағы бір ерекше тұсы ? олимпиада тарихында алғаш рет қазылар алқасының көп болғандығы. Сондай-ақ олардың өздері де пәндік олимпиадалар арқылы көтеріліп, халықаралық деңгейдегі сынақтарға қазылық етіп, сарапшы болып, білімі мен біліктіліктерін жоғары дәрежеде жан-жақты дәлелдеген мамандар. Бұл Маңғыстауда өтіп жатқан олимпиаданың қаншалықты маңызды, әрі күрделі екенін аңғартады», - дейді Республикалық пәндік олимпиаданың гуманитарлық-қоғамдық пәндер бойынша жергілікті ұйымдастыру комитетінің төрайымы Индира Жұмағалиева. Олимпиадаға қатысушылар түстен кейін Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрына барып, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Кек» шығармасының негізінде түсірілген фильмді тамашаламақ. Одан бөлек қала бойынша саяхатқа шығып, Каспий теңізінің жағалауында серуендемек. Олимпиаданың 2-ші туры сәуірдің 18-інде өтеді.