12:03, 02 Тамыз 2022 | GMT +5
Ревакцинация науқаны нашар жүргізіліп жатқан 4 өңір аталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің 4 өңірінде ревакцинациямен қамту көрсеткіші 55 пайыздан төмен. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауырған адамдардың 80 пайызы екпе алмаған немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, коронавирусқа қарсы уақытылы ревакцинациямен қамту қажет екенін көрсетіп отыр. Қазіргі кезде ревакцинацияны 5 млн-нан астам адам алды. Осы тұрғыда ревакцинациямен 7 млн 430 мың адам қамтылуы тиіс», - деді А. Ғиният.
Оның айтуынша, бұл жұмыс кейбір өңірде тиісті деңейде орындалып жатқан жоқ.
«Еліміздің 4 өңірінде ревакцинациямен қамту көрсеткіші 55 пайыздан төмен. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласын, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарын атап өту керек», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы Әлихан Смайлов әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.