Рейхстагқа тігілген Жеңіс туының көшірмесі Астанада сақтаулы тұр
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде 1945 жылдың мамырында Рейхстагқа тігілген Жеңіс туының көшірмесі сақтаулы тұр.

Бұл экспонат 2015 жылы Қазақстанға табысталып, содан бері патриоттық тәрбиенің және музей экспозициясының ажырамас бөлігіне айналды. Kazinform агенттігіне берген сұхбатында музей жетекшісі Дәулет Қадыров бұл туды музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі деп атады.
— Бұл экспонат 2015 жылы музейімізге табысталды. Сол жылы Ресейдің қорғаныс министрі болған Сергей Шойгу салтанатты жағдайда оны Қазақстанның қорғаныс министрі болған Иманғали Тасмағамбетовке тапсырған еді, — деді ол.

Әңгіме Берлин шабуылында шешуші рөл атқарған 150-атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі жайында болып отыр. Қазақстандықтар үшін бұл ерекше мақтаныш, себебі дәл осы дивизия құрамында қазақ жауынгерлері болды. Ал Рейхстагқа қызыл туды алғашқылардың бірі болып Рахымжан Қошқарбаев тікті.
— Жеңіс туының 9 көшірмесі жасалған. Бірақ алғашқылардың бірі болып, 1945 жылдың 30 сәуірінде қолдан жасалған қызыл туды дәл біздің жерлестеріміз — Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен болатын. Ал ресми Жеңіс туы Рейхстагтың күмбезіне 1 мамырда тігілді, — деп түсіндірді Д. Қадыров.

Бүгінде музейде 23 дивизия мен бригада туларының көшірмелері қойылған, олардың 16-сы Қазақстан аумағында құрылған. Барлығы әскери тарих залына орналастырылған және әрбір келуші қазақстандықтар қызмет еткен құрамалардың ерліктерімен таныса алады.

— Біз көшпелі көрмелерге белсенді қатысамыз, Жеңіс туын мектептерге, университеттерге, еліміздің басқа қалаларына апарамыз. Бұл — өте маңызды миссия. Жастар мен өскелең ұрпаққа Жеңістің қандай еңбекпен келгенін көрсетуіміз керек, — деп атап өтті спикер.
Экспонаттарды сақтау үшін музейде температура, ылғалдық және жарық режимі қатаң сақталады. Қызметкерлердің айтуынша, мұндай жәдігерлерді суретке түсіруге тыйым салынған. Алайда көшірме болғандықтан, оны білім беру және патриоттық мақсатта қолдануға рұқсат.
— Жеңіс туының түпнұсқасы Мәскеуде сақтаулы. Бізде — көшірмесі, сондықтан оны сақтау шарттары қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Ал Астанадағы Жеңіс туы — кеңес жауынгерлерінің, оның ішінде мыңдаған қазақстандықтың ерлігі, батырлығы мен табандылығының белгісі, — деп толықтырды Дәулет Қадыров.

Айта кетейік, 7 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтеді. Бұл шара 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ.
Сондай-ақ, 9 мамырда демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылатын мерекелік отшашу өтеді.