Режеп Ердоған БҰҰ-ның 81-сессиясында Түркі мемлекеттері ұйымының маңызын атап өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірталас барысында сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жылда-жылға нығайып, өңірлік ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналып келе жатқанын мәлімдеді.
-Түркі мемлекеттері ұйымының жылдан-жылға нығайып, өңірлік ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналып келе жатқанына қуаныштымыз, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Ол сондай-ақ 30 қазанда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне назар аударды. Түркия Президентінің айтуынша, алдағы жоғары деңгейдегі кездесу ұйым алдында жаңа мүмкіндіктер ашып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға ықпал етеді.
Түркия Президентінің БҰҰ мінберінен Түркі мемлекеттері ұйымына арнайы тоқталуы түркі әлеміндегі ынтымақтастықтың халықаралық күн тәртібіндегі орны артып келе жатқанын көрсетті. Ал ТМҰ-ның алдағы ресми саммиті ұйымға мүше елдер арасындағы ықпалдастықтың алдағы бағыттарын талқылайтын маңызды алаң болмақ.
Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоған БҰҰ Бас ссамблеясында сөйлеген сөзінде қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне де тоқталып, жаһандық мәселелерді шешуде көпжақты ынтымақтастық пен дипломатияның рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Түркия Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі жөніндегі ұстанымын тағы да білдірді.
Айтуынша, дағдарыс пен қақтығыс жайлаған елдердегі халықтың БҰҰ-ның бейбітшілік орнату мүмкіндігіне деген сенімі біртіндеп әлсіреп бара жатыр. Сонымен қатар ол халықаралық жүйеге деген сенімді қайта қалпына келтіру қажеттігін айтып, БҰҰ Бас хатшысының реформаларға бағытталған бастамаларын, соның ішінде «БҰҰ-80» бастамасын қолдайтынын білдірді. Түркия Президенті Қауіпсіздік Кеңесін реформалау жөніндегі ұстанымын тағы да қайталап, 193 мемлекеттің ерік-жігері Кеңестің бес тұрақты мүшесінің шешіміне тәуелді болатын жүйе халықаралық қоғамдастықтың толық сеніміне ие бола алмайтынын мәлімдеді. Осы орайда ол бұған дейін бірнеше рет атап өткен «Әлем бес елден үлкен» қағидатын тағы да еске салды.
Осыған дейін Ердоған Түркиянң түркі мемлекеттерімен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін мәлім еткен болатын.