Резонансты істердің жай-жапсары: ҰҚК деректі фильм жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің жұмысы туралы деректі фильм ұсынды. Фильмде арнайы операциялардың кадрлары, тінту барысында түсірілген бейнематериалдар және қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істердің жай-жапсары көрсетілген. 

Кадры спецопераций и громкие дела: КНБ показал фильм о борьбе с коррупцией
Фото: видеодан алынған кадр

Фильмде айтылғандай, бұл қызмет мемлекеттік басқару жүйесін реформалау аясында құрылды. Соған сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, анықтау, жолын кесу және тергеу функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді.

ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің директоры Нұржан Құсайыновтың айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлық тек қылмыстық-құқықтық мәселе ғана емес.

— Ұрлық жасау, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және қызметтік жағдайды жеке мақсатқа қолдану экономиканың дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан біздің міндетіміз — мемлекеттің стратегиялық мүдделеріне, мемлекеттік ресурстарға және экономикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтап, жолын кесу, — деді ол.

Деректі фильмде қоғам назарын аударған бірнеше қылмыстық іс туралы да айтылады.

Соның бірі — Жақсылық Омарға қатысты іс. ҰҚК мәліметінше, 2025 жылдың соңында комитет қызметкерлері оның бұрынғы қарамағындағы қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардың өкілдерінен жүйелі түрде ақша талап еткені туралы ақпарат алған. Тергеу барысында күдіктінің қызмет бабында өсіруге уәде беріп, бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарамын немесе лауазымын төмендетемін деп қысым көрсеткені анықталған.

Тергеу аясында күдіктінің үйіне тінту жүргізіліп, ақша тәркіленген. Алғашқы жауап алу кезінде ол адвокатының қатысуымен кінәсін мойындаған. Тергеу барысында алаяқтыққа қатысты қосымша дерек анықталып, сот Жақсылық Омарды алты жылға бас бостандығынан айырды.

Фильмде сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті лауазымды тұлғаларына қатысты іс қамтылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, басқарма басшыларының бірі делдал арқылы шетелдік кәсіпкерден Қазақстан аумағына халық тұтынатын тауарларды кедергісіз өткізу үшін пара алып отырған.

Тінту барысында 400 мың АҚШ долларынан астам қаржы, 55 млн теңге тәркіленіп, үш автокөлікке тыйым салынған. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкерге қатысы бар 38 компания анықталып, олардың шамамен 15-і 1,9 млрд теңге көлемінде салық төлеуден жалтарғаны белгілі болды. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр.

Бұдан бөлек фильмде денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету салаларындағы сыбайлас жемқорлық фактілері сөз болады. Эпизодтардың бірінде импорттық медициналық бұйымдарды отандық өнім ретінде көрсетіп, мемлекеттен заңсыз төлем алуға әрекеттенген схема әшкереленгені айтылады. ҰҚК мұндай заңсыз әрекеттер бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, медициналық көмектің сапасына кері әсер етіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіретінін атап өтті.

Фильмде келтірілген мәліметке сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылғаннан бері 738 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген. Оның ішінде 538 пара алу, 70 алаяқтық, 51 жымқыру, 47 сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету және 13 лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану фактісі бар.

Бүгінде 691 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, оның 583-і сотқа жолданған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 21 млрд теңге. Оның 4,3 млрд теңгесі бюджетке қайтарылып, құны 13,7 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған.

Айта кетейік, бұған дейін прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қабылдау ережесі өзгеруі мүмкін екенін жаздық.