Рыбакина, Оралбай, Мусин - Астанадан Париж Олимпиадасына кімдер аттанды
АСТАНА. KAZINFORM – Париж Олимпиадасының басталуына 4 күн қалды. Оған еліміз 92 лицензия жеңіп алса, 13-і Астана қаласына тиесілі. Лицензия алудан Алматы қаласы бірінші орында, Астана – екінші, Шымкент – үшінші орында тұр.

«Бұл Олимпиадаға үлкен дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен қарадық. Екі жыл уақыт бойы спортшыларымыз тыңғылықты дайындалды. Спортшылар баратын оқу-жаттығу жиындары, халықаралық жарыстар, чемпионаттар мен старттар – барлығына Астана қаласының әкімдігі жағдай жасады деп айта аламын. Бапкерлерге де назардан тыс қалған жоқ», - деді Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының басшысы Олжас Әкімов Астана коммуникациялар қызметінде.
Париж Олимпиадасына Астана қаласынан 12 спортшы 7 спорт түрінен 13 лицензия жеңіп алған. Оның ішінде теннистен – 5 лицензия бар. Әсіресе Елена Рыбакина 2022 жылы атақты «Уимблдон» үлкен дулыға жеңімпазы атанған болатын. Ол әлемдік рейтингте 4-орында тұр, Токио Олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп, отандық теннис тарихындағы рекордты жаңартқан. Бұдан бөлек, биылғы маусымды теннистен өте сәтті өткізген Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Недовесов, Александр Шевченко бақ сынайды.
Бокстан елорда қоржынында 2 лицензия бар және Қазақстан тарихында бірінші рет 80 және 92 келідегі егіз Айбек және Нұрбек Оралбайлар Астана қаласының атынан шығады. Әйелдер боксынан – 1 лицензия бар. Оған 2016 жылы әлем чемпионы атанған спортшы Валентина Хальзова қатысады.
Жүзуден 2 лицензия бар. Мұнда Әділбек Мусин араға 16 жыл салып, 100 метрге баттерфляй және еркін жүзуден жазғы Олимпиада ойындарына қатыспақ.
Қазіргі бессайыстан 1 лицензияны Елена Потапенко жеңіп алды, бұған дейін Елена Рио және Токио Олимпиадасына қатысқан.
Үстел теннисінен 1 лицензия Кирилл Герасименко еншісінде, ол 2024 жылдың басында командалық әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетті.
Спорттық өрмелеуден 1 лицензия бар. Жазғы Олимпиада ойындарында екінші рет қана өткізілетін құзға өрмелеу спорты өзгеріске ұшырады. Токиода бір ғана жүлде ойнатылса, биыл екі сайыс түрінде лицензиялар берілді. Өткен айда Әмір Маймұратов Будапешттегі финалдық іріктеуде жоғары нәтиже көрсетіп, жылдамдық сайысында жолдама жеңіп алған.
Сонымен бірге, 8-13 қыркүйек аралығында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің 85 астам елінен 3 мыңға жуық қатысушы спорттың 21 түрінен қатысады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда 89 мемлекет 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатынын растады. Ұлттық құрама командасының құрамында спорттың 21 түрінен 281 спортшы, оның ішінде 8 спорт түрінен Астана қаласынан 19 спортшы қатысады.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың 7-14 ақпан күндері Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары өтеді. Астана қаласының құрамасынан 4 спорт түрінен (конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек) 21 спортшы қатысады деп жоспарлануда.