Риддер ЖЭО-дағы жөндеу қыркүйектің ортасында аяқталып, үйлерге ыстық су қосылады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары қыркүйектің ортасында аяқталып, үйлерге ыстық су қосылады.

Жылу маусымы аяқталған сәттен бастан Риддер жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сол уақыттан бері қала халқы ыстық сусыз отыр.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің жетекшілігімен өткен жылыту маусымына арналған жиында жөндеу жұмыстарының өз мәресіне қашан жететіндігі белгілі болды.
«Жылу желілеріндегі жөндеу бітуге жақын. Төрт учаскедегі жұмыстар ғана аяқталмаған. Қайта жаңғырту барлығы жылу желілерінің 19 шақырымын қамтиды. Жұмыстарды 4 қыркүйекке аяқтау жоспарланған», - деп мәлім етті ЖЭО өкілдері.
15 қыркүйекте жылу электр орталығы іске қосылып, риддерліктердің үйлеріне ыстық су беріледі деп жоспарланған.
Еске салсақ, осыған дейін Риддердегі жылу электр орталығы Өскемендегі акционерлік қоғамның құрамына қосылғанын хабарлаған едік.