Риддерде банк қызметкері 32 млн теңге жымқырған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 32 млн теңге жымқырған банк қызметкері сотталды. 

 жымқыру
Фото: Kazinform

Риддер қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әйел адам банктердің бірінде кассалық операциялар бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Өткен жылдың желтоқсан айының 11-20 аралығында ол 31 900 000 теңгені жеке шотына аударып алған. Күн сайын 2,5 млн-нан 5 млн теңгеге дейін аударып отырған.

«Айыпталушының кінәсі қаражаттың жетіспеушілігі анықталған есеппен, қолма-қол ақшаны тексеру актісімен, куәгерлердің берген жауаптарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен расталды. Сот шешімімен сотталушы 7 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бойы банк қызметіне қатысты лауазымдарда жұмыс істеуге тыйым салынды», - делінген ақпаратта. 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін ШҚО-да коммуналдық кәсіпорын есепшісі 12 млн теңге жымқырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар