Риддерде қалған жалғыз ардагер қайтыс болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері өмірден өтті.

Риддерде қалған жалғыз ардагер қайтыс болды
Фото: Риддер қаласы әкімдігі

Павел Альбоха 101 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол Украинадан Чехословакияға дейінгі майдан жолынан өткен. Соғыстан кейінгі жылдары Риддер қаласында түрлі салада ұзақ уақыт еңбек еткен. Бұл туралы қала әкімдігінен хабарлады. 

— Риддердегі майдангер ұрпақтың соңғы куәгерімен қоштастық. Төзім мен абыройдың символына айналған азаматтың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады, — делінген ақпаратта.

Павел Прокофьевич 1924 жылы дүниеге келген. Авиациялық байланыс училищесін тәмамдаған соң 565-ші шабуылдаушы авиациялық полкте радиоаппаратура механигі болып қызмет атқарды. Украина, Польша және Чехословакия аумақтарындағы шайқастарға қатысып, Жеңісті майданда қарсы алды. 

Көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

1960 жылдан бастап ол Риддер қаласында тұрды. Кірпіш зауытында, тұрғын үй құрылысында, жылу электр орталығында еңбек етіп, қаланың дамуына үлес қосты.

Еске салсақ, бұған дейін Екінші дүниежүзілік соғыстың Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы соңғы ардагері өмірден озғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар