Риддерде жанармай тапшылығына қатысты ақпаратқа әкімдіктен жауап берді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Қалалық әкімдік Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жанармай тапшылығына қатысты тарап жатқан ақпаратқа қатысты түсініктеме жасады.
Бүгін әлеуметтік желіде Риддер қаласында жанар-жағармай тапшылығы туралы ақпарат тарады. Онда жазылғандай, «Helios» жанармай құю бекетінде жанармай жоқ екені, АИ-92 маркалы бензинмен ғана жанармай құю мүмкін болып отырғаны, ал дизель отыны талон арқылы беріліп жатқаны туралы жазылған.
Осыған қатысты қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімі жауап берді. Олар бекеттердегі жанар-жағармай тапшылығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.
— 23 ақпан күні АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин, сондай-ақ дизель отыны «Bazis Aero», «Helios», «Alem Simple Service», «Ресурсы Востока» және «Qazaq Oil» жанармай құю бекеттерінде еркін сатылымда бар, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталғаны хабарланған.