Риддердегі қарапайым жұмысшылар арқан тартудан қалай әлемдік деңгейге шықты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — ШҚО Риддер қаласында әр салада еңбектеніп жүрген жігіттер соңғы жылдары арқан тарту спортынан біршама қарқын алып үлгерді. Облыс, республика аумағынан асып, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Аз уақыт ішінде мықты команда жасақтаған олар алдағы қыркүйекте Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды.
«Сегіз адамның күші бір арнаға тоғысуы керек»
Былтырдан бері Риддерде «Ата Мұра» ұлттық ойындар фестивалі қолға алынып, осы арқан тартысқа көңіл бөліне бастады. Мұнда салмаққа шектеу бар. Көп жағдайда сегіз адам іркес-тіркес тұрып, бірқалыпты қимылдайды. Команда капитаны Жарқын Жетпісбаевтың айтуынша, жігіттердің жиналып, арқан тарта бастағандарына екі жарым жылдан асқан.
— Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін облыс аумағында бұл спорт түрі қарқынды дами бастады. Содан бері Риддерде де тұрақты жаттығулар ұйымдастырылып, команда жасақталып, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып келеміз. Алғашында команда жинақтау оңай болған жоқ. Біраз қиындық кездесті. Жаттығу тұрақты өткізіле бастаған соң жігіттер бір-бірінен естіп, өз еріктерімен келе бастады. Қазір ортақ мақсатқа жұмылған, бір-біріне сенетін ұйымшыл құрама қалыптасты. Команда сапында әртүрлі жігіт бар. Бірі бұрын басқа спорт түрлерімен айналысса, енді бірі спортқа арқан тарту арқылы алғаш рет келді. Дегенмен барлығын еңбекқорлық пен тұрақты жаттығу біріктірді. Күнделікті еңбектің арқасында жақсы нәтижелерге жетіп келеміз, — дейді ол.
Командадағы жігіттердің басым бөлігі Риддердегі мырыш зауытында еңбек етеді. Олардың ішінде, анодшы, балқытушы сияқты мамандық иелері бар. Сонымен қатар мұғалім, электрик, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, автокөлік жөндеу шеберлері, сатушы және зейнеткер спортшылар да бар. Жеке өмір мен жұмыс, одан бөлек, үздіксіз жаттығуға уақыт тауып жүрген азаматтардың сөзінше, арқан тарту — ең алдымен командалық рухты қалыптастыратын спорт.
— Бұл жерде сегіз адамның күші бір арнаға тоғысуы керек. Сонымен қатар бұл — сырт көзге өте тартымды әрі тартысты спорт түрі. Мұны жарыс кезінде көрермендердің ерекше қызығушылығынан-ақ байқауға болады. Сайыс барысында намысты қолдан бергің келмейді. Сол жігер мен жеңіске деген құлшыныс бізді алға жетелейді, — дейді зауытта еңбектеніп жүрген жігіттер.
Спортшылар аптасына үш рет әзірлік жүргізеді. Ал жарыс таяған кезде дайындық күн сайын жалғасады. Жаттығулар Риддер қаласындағы «Модуль» спорт кешенінде өтеді. Спортшылар жаттығу барысын үнемі жетілдіріп отырады. Жуықта ғана спортзалда биіктігі 5 метр болатын арнайы блок орнатқан. Соның көмегімен жоспарға жаңа жаттығулар енгізіліп, спортшылардың күшін, төзімділігі мен техникасын арттыруға мән беріліп жатыр. Команданың бас бапкері — Әділжан Дюсупов. Қол күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әрі аталған спорт түрінен де білгенімен бөлісіп келеді.
Екі жарым жыл ішінде риддерліктер облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысып келеді дедік. Соның ішінде ең ірі додалардың бірі — биыл Түркияның Мерсин қаласында өткен халықаралық Turan Cup турнирі. Бұл жарысқа 14 мемлекет қатысып, жігіттер жүлделі 3-орын иеленді.
— Сонымен қатар Астанада өткен республикалық жарыста 3-орын алдық. Ал өткен жылы Қырғызстанның Ыстықкөлінде өткен халықаралық жарыста командаласымыз Мейір Рахметқалиев 1×1 санатында алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты. Бұл жерде айта кетерлігі, жарыс ережесіне байланысты әртүрлі салмақ дәрежелері болады. Ерлер арасында негізінен 640 және 720 келі салмақ санаттары кездеседі. Команда құрамында міндетті түрде 8 спортшы болады. Кей бәсекелерде қосалқы спортшы қарастырылады немесе аралас түрде өз мүмкіндіктерін байқайды, — дейді Жарқын Жетпісбаев.
Көшпенділер ойындарына жолдаманы қалай жеңіп алды?
Команда мүшесі Руфат Қадылбекұлының айтуынша, кейде әр командаға жекелей тактика қойылады. Мәселен, былтыр және биыл өткен «Ата Мұра» ұлттық ойындарында «Ұлытау» командасы қатты қарсылық көрсеткен. Сол кезде әдісті сәл өзгертуге тура келді. Былтыр «Ұлытау» жігіттері топ жарса, биыл риддерліктер есе қайтарды. Ыстықкөлге барып келген спортшылар қырғыз жігіттерінің де қарқынына жоғары баға берді. Анығы сол, қазір арқан тарту спорты Қырғызстанда жылдам дамып келеді.
— Оның басты себептерінің бірі — биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының сол елде өтуінен болар. Сондықтан олар жоғары деңгейде дайындалып жатыр. Ал біз Көшпенділер ойындарының жолдамасын 1×1 санатындағы іріктеу жарысында жеңіп алдық. Сонымен қатар біздің тағы екі жігіт Қазақстан құрамасы сапына енді. Жалпы, биыл жолдамалардың басым бөлігін Шығыс Қазақстанның спортшылары жеңіп алды, — дейді команда капитаны.
Олардан арқан тартыс кезінде нешінші тұрған спортшыларға негізгі жүктеме түсетінін сұрадық. Айтуларынша, команда болған соң жауапкершілік те, жүктеме де барлық спортшыға бірдей түседі. Кім қай орында тұрса да, өз міндетін толық атқаруы керек. Ал ең соңында тұратын жігіт — команда тірегі. Оны «зәкір» деп те атайды. Аты айтып тұрғандай, кеме зәкірі секілді бүкіл команданы ұстап тұратын, өте мықты, тәжірибелі әрі салқынқанды жігіт болуы қажет. Жарқын Жетпісбаевтың айтуынша, командаларды «анау мықты, мынау осал» деп бөліп-жаруға келмейді.
— Бәсекелестік жылдан-жылға күшейіп келеді. Негізгі қарсыластарымыздың қатарында Ұлытау облысы мен Батыс Қазақстан облысына қарасты Орал қаласының «Көктерек» командасын ерекше атап өтуге болады. Ал Шығыс Қазақстан құрамасы бүгінде республика чемпиондары ретінде өз көшбасшылығын дәлелдеп келеді. Біздің биікті бағындыруымызға себеп болған бапкеріміз Әділжан Дюсуповқа алғысымыз шексіз. Ол Күршім ауданындағы Қойтас ауылының тумасы, бүгінде «Риддер қаласының Құрметті азаматы». Әділжан ағамыздың еңбегінің арқасында Риддерде арқан тарту командасы құрылып, бүгінде республикалық және халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетіп жүр. Өте сабырлы, талапшыл әрі тәжірибелі бапкер ретінде әр жарыстан кейін біздің нәтижемізді мұқият саралап шығады. Кемшіліктерімізді түзетіп, келесі жарысқа тыңғылықты дайындық жүргізеді, — деді ол.
Түйіні сол, Риддер командасындағы екі жігіт 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетеді. Олар — Еламан Солтанғазин мен Жарқын Жетпісбаев. Ал Мейір Рахметқалиев абсолют салмақта 1×1 санатында ел намысын қорғайды. Қазір олар дайындықты күшейткен. Ал Қырғызстандағы бәсеке құмда өтеді.
Еске салсақ, осыған дейін жүк көліктерін арқанмен сүйрейтін шығысқазақтандық спортшы туралы жазғанбыз.