Риддердегі кәсіпорында экологиялық талаптарды бұзудың 5 фактісі анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы «Қазцинк» ЖШС-ның тау-кен байыту кешеніне жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды.
Тексеру жұмыстарын жүргізуге тұрғындардың шағымы негіз болған. Экология департаментінің мамандары кәсіпорынның өндірістік алаңына барып, су мен топырақтан сынамалар алған.
— Зертханалық талдау қорытындысына сәйкес, бірқатар ауыр металдар бойынша рұқсат етілген шектен асу фактілері тіркелді. Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 5 фактісі анықталды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Кәсіпорынға бұл заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді. Сонымен қатар жалпы сомасы 107 млн теңгеге жуық бес әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске салсақ, осыған дейін экологиялық айыппұлдардан түсетін қаржы ауылдық округтердің бюджетіне берілетіндігі хабарланған.