Риддердің жылусыз қалуы, алапат өрт, еншісін алған Абай: ШҚО-да биыл болған ең елеулі оқиғалар
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырайық деп отырмыз. Күні кеше ғана басталғандай көрінген 2022 жыл да зуылдап өте шығыпты. Осы 12 айда Шығыс Қазақстан облысында саналуан оқиғалар болды. Бұл мақалада сол оқиғалардың ішіндегі ең елеулі дегендеріне тоқталып өтпекпіз.
Абай облысы құрылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 8 маусымда Абай облысы құрылды. Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шыққан жаңа өңірдің аумағы 185,5 мың шаршы метрді құрайды. Құрамына 8 аудан және 2 қала енді. Атап айтқанда, Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары. Абай облысындағы халық саны – 638,3 мың. Яғни, ШҚО жұртшылығының 47 пайызы жаңа аймақтың тұрғындарына айналды.
Ал ШҚО аумағы 97,8 мың шаршы метр болды. Территориялық бөліністерге сәйкес, оның құрамында 9 аудан және 2 қала қалды. Олар Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары.
Өнеркәсіптердің 32 пайызы енді Абай облысында. Екі өңірдің қала-аудандары 1997 жылы Семей облысы қосылғанға дейінгі территориялар бойынша бөлінген.
Абай облысының әкімі болып Нұрлан Ұранхаев тағайындалды. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Өңір басшысы өзгерген жоқ
Маусым айында Президент Жарлығына сәйкес ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қызметтік өкілеттігі бір жылға ұзартылды. Президент сайлауынан кейін де ол бұл лауазымға қайта тағайындалды.
Даниал Кенжетайұлы 1954 жылы 15 маусымда дүниеге келген. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болған. ШҚО әкімі қызметін 2014 жылдан бастап осы уақытқа дейін атқарып келеді.
Тұғылға түріктер келді
Тарбағатай ауданының 1-сынып оқушысы Байжігіт Байкүбенов Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның назарын аударған болатын. Хакім Абайдың өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған балақайдың ауылына биылғы мамыр айында Түркия елшілігінің өкілдері келді. Карантин шектеулеріне байланысты кешіккен түріктердің бұл сапары жайлы бізге оқушының әкесі айтып берді.
– Бүгінде аядай ауылымызда 3 мыңға жуық адам тұрады. Осындай қонақтардың келуі – біздің ауыл үшін тарихи оқиға. Түріктер мектепке барып, оқушыларға сыйлықтар берді. Одан соң ауылдық мешітке бас сұғып, Құран кітап таратты. Бұдан бөлек, жағдайы төмен 30 отбасына азық-түлікпен көмек көрсетті. Қарапайымдылығына, мәдениеттілігіне таң қалдық. Екі елдің татулығын, сыйластығын ерекше бағалайтынын сездірді. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татқызып, ауылдың тыныс-тіршілігімен, халқымен таныстырдық, – дейді Дулат Байкүбенов.
Байжігіттің үйіне қонған түріктер келесі күні таңертең жолға шыққан. Сол кезде Дулат «Турасын айтыңыздаршы, ауылымызға не үшін келдіңіздер?» деп сұрапты. Бұған олар «Былтыр уәде бердік қой. Сөзде тұратынымызды көрсеткіміз келді. Әйтпесе ертең Байжігіт «Түркия халқы айтқан уәдесін орындамайды» деп бізді сынауы да мүмкін ғой» деп жауап берген.
24 адамды құтқарып қалды
Шілде айында Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасында қатты желден кеме бір жағына аударылып, 24 адам суға құлады. Абырой болғанда, мұны сол маңда скутермен жүрген 4 ер адам байқап қалып, көмекке келген. Олар – Асқар Сайлаубаев, Даулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев пен Сұлтан Тайжанов.

– 17 шілде күні сағат 19:00 шамасы. Қатты жел соғып, жаңбыр құйып тұр. Скутермен келе жатқанбыз. Кенет алдымызда бір жағына аударылып жатқан кемені көрдік. Ойланатын уақыт болған жоқ, дереу көмекке ұмтылдық. Белгілі болғандай, бұл жолаушылар тасымалдайтын кеме «Садко» демалыс базасынан «Аюда» базасына қарай жүріп келе жатқан. Бортта 24 адам болған. Жылдамдығы секундына 20 метрге жеткен желдің салдарынан кеме аударыла бастады. Скутермен барып, бірнешеуіне жилет бердік. Көптен бөлектеніп қалған 2 адамды қайтадан сол жерге жеткізіп тастадық. Қасымдағы жігіттер суға секіріп, сонда қалды да мен скутермен кеме алып келуге кеттім, – дейді Асқар.
Оның айтуынша, адамдардың көбісі әйелдер екен. Араларында 9 бала бар. Олардың ішінде жылап, үрей басқандар да кездесті. Тіпті бір мүмкіндігі шектеулі еркектің сырқаты қозып кеткен.
Бас батыр ұлықталды
Тарбатағай ауданында Қабанбай батырдың 330-жылдығы атап өтілді. Аудан орталығы Ақжардағы Қабанбай саябағында 25 ақшаңқан киіз үй тігіліп, жергілікті тұрғындар мен аудан қонақтары қазақтың хас батырының даңқты жолынан сыр шертетін театрландырған көріністі тамашалады. Жоңғардың үміті Қаскелеңді қапы қалдырып, Батыр Убашыға үрей әкелген оғланның құрметіне ұйымдастырылған шараға облыс басшысының орынбасары Нұржан Сайлаубекұлы келді.
Шара аясында республикалық деңгейде қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылып, еліміздің әр түкпірінен жиналған сайдың тасындай 36 спортшы боз кілемде бақтарын сынады. Жеңістің ең биік сатысына шыққан өгіз балуан мен түйе балуанға демеушілер автокөлік сыйға тартты. Сонымен қатар батыр баба рухына ас беріліп, Қабанбай Қожағұлұлына арналған «Бабалар ерлігі ұлтқа мұра, ұрпаққа үлгі» атты ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми-теориялық конференция өтті.
Дарын дес бермеді
Шілде айында тарбағатайлық Дарын Әскербек жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанып, есімін ел күресінің тарихына алтын әріппен жазды. Ақжар ауылының тумасы шешуші сында АҚШ өкілі Джаксен Форрестті ұтқан еді.
Сол жарыста Дарынның жүріп өткен жолы оңайға соқпады. Алдымен 1/8 финалда Арен Серобянды 7:2 есебімен қапы қалдырды. Ширек финалда Өзбекстанның үздігі Хусанбой Усмоновты тізе бүктірді. Белдесу қарқыны бір сәтке де тоқтамаған, десе де жылдамдығын жоғалтпай, сауатты қорғана жүріп белдескен Дарын 10:4 есебімен айқын ұтты.
Форрест болса, алдымен қырғыз, сосын Үндістанның үмітін арқалаған Ваибхав Нараянды тоқтатса, жерлесіміз жартылай финалда неміс палуаны Янис Ребольцты 6:3 есебімен жеңді. Сөйтіп, жолындағысын бірінен соң бірін ығыстырған спортшылар финалда жолықты.
Алтын үшін «айқас» алауы алғашқы секундтардан-ақ басталды. Тіпті бір сәтте есеп 6:0 болып, қарсылас жаққа ауып тұрды. Дегенмен жерлесіміз жамбас әдісін сәтті жасап, есеп бір кезде 7:6 болып өзгерді… Ал 4 секунд қалғанда Джаксен екі ұпай алып, финалдық белдесу қорытындысы 11:10 есебімен Дарынның пайдасына шешілді. Сөйтіп, тарбағатайлық палуан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды!
Өрт өршіп кетті
Қыркүйек айының басында өңірдің бірнеше жерінде бір уақытта өрт өршіді. Желі екпінді және техниканың жетуі қиын таулы аймақ болғандықтан тілсіз жауды ауыздықтау қиындық тудырды. Мәселен, Алтай ауданындағы өрт 3800 гектарға жайылған. 2 қыркүйек күні түскі уақытта «Зырян» орман шаруашылығындағы және «Быков» орманшылығындағы таулы аймақта бұта мен шөп жанған. Тілсіз жаумен күреске ТЖД өрт сөндірушілері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, орманшылар мен «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ 2 тікұшақ іске қосылған. Соның нәтижесінде, 12 қыркүйекте сағат 18.00 шамасында қызыл жалын оқшауланды.
Облысқа келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Марат Күлдіков осы өрттердің шығу себебін анықтау үшін министрлікпен және ҚР ІІМ қызметкерлерімен толыққанды тергеу жүргізілгенін айтты.
- Алайда өрттің өршуіне қасақана өрт қоюдың себеп болғанына еш дәлел табылмады. Анықталғандай, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан және отты абайсыз қолданудан жалын шықты. Сондай-ақ найзағай салдарынан да өрт болған. Жалпы, біреудің қасақана өрт қоюын дәлелдеудің өзі өте қиын процесс, - деді ол.
Теңдессіз мектеп ашылды
Самар ауданы Құлынжон ауылында «Ybyrai mektebi» атты білім беру кешені ашылды. Онда балабақша, мектеп және комьюнити-орталық орналасқан. Финляндия мен Сингапур елдерінің озық тәжірибесіне негізделген бұл білім ордасының республикада теңдесі жоқ. Мұнда бастауыш сыныптар 1-4 емес, 1 ден 6-ға дейін. Оқу ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, Құлынжон ауылдық орта мектебіне республикалық эксперименталды алаң статусы беріліп отыр.
- Мектепке келген балалар сабақ алдында міндетті түрде жарты сағат кітап оқиды. Кітапты өздері таңдайды. Содан кейін оқығандарын талқыға салып, ой қорытады. Математика пәні Сингапурдың тәжірибесіне сәйкес оқытылады. Оқушылардың емін-еркін білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, басқа мектептерде оларға үй тапсырмасы беріледі. Ал көбінесе оны үйде ата-анасы орындайды немесе балалар мектепке келгенде бір-бірінен көшіреді. Ал бізде үй тапсырмасы деген мүлде жоқ, - дейді мектеп директоры Аралбек Берікұлы.
Бастауыш сынып оқушыларына 2,3,4,5 деген бағалар қойылмайды. Балдық жүйе енгізіліп, балалардың үлгерімі сол арқылы бағаланады. Ал комьюнити-орталыққа балалар ғана емес, ересектер де бара алады. Бірінші қабатта орналасқан кітапхана таңғы 8.00-ден 23.00-ге дейін ашық болады. Онда 4 мыңға жуық кітап бар. Орталықта 90 адамға шақталған кинотеатр, компьютерлік және ойын бөлмелері, планетарий, дыбыс жазу студиясы, хореографиялық зал орналасқан.
Қайта-қайта жылусыз қалды
50 мыңнан астам халқы бар Риддер қаласында қайта-қайта жылу өшіріліп елдің мазасын қашырды. 23 қазанда жылу электр орталығында төтенше жағдай болған. Қазандықтар жұмысын тоқтатып, халық жылусыз қалған. 24 қазанда Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Риддердегі жылу электр орталығындағы төтенше жағдай сапасыз мазут салдарынан болғанын мәлім етті. Жылу электр орталығында ақауға байланысты жедел штаб құрылған. Ал ШҚО прокуратурасы орталықтың басшылығына қатысты тексеруді бастады.
Қазір орталық жұмысы қалпына келіп, үйлерге жылу беріліп жатыр. Желтоқсан айының басында облыс әкімі Даниал Ахметов жылу мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Оған Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті аумақтық департаментінің өкілі қатысты.Сонда айтылғандай, сәуір айынан қыркүйекке дейінгі аралықта осы ведомствоның мамандары Риддер жылу электр орталығына бармаған.
- Алайда 15 қыркүйекте олар министрлікке хат жолдап, орталықтың жылыту маусымына толық дайын екендігі туралы хабарлады. Бүгінде департамент Риддер ЖЭО басшылығы 4 және 5 қазандық агрегаттарының жөнделгені туралы теріс ақпарат жолдағанын мәлімдеп отыр. Осыдан-ақ аталған ведомство өздерінің дәрменсіздігі мен немқұрайлылығын көрсетті деуге болады. Өзге энергетикалық объектілерді де қалай тексеріп, баға беретіні күмән тудырады. Департамент мамандарының әрекетсіздігінен бүкіл қала қыс мезгілінде жылусыз қалу қаупіне ұшырады. Мұндай немқұрайлы шенеуніктер мемлекеттік қызметте болмауы керек. Министрлік тиісті шара қабылдайды деген ойдамын, - деді Даниал Ахметов.
Боздақтар рухына арналған
16 желтоқсанда Өскеменде «Желтоқсан алауы» мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Ол Ертіс жағалауындағы Ғашықтар аллеясында орналасқан. Композицияның авторы – Нұрбол Қалиев. Мүсіннің биіктігі 5 метрге жетеді. Онда мұзды жарып шыққан бүркіт бейнеленген. Композицияның ашылуына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен Желтоқсан оқиғасының қатысушылары келді. Бұдан бөлек, осы күні «Шығыстық желтоқсандықтар» кітабының тұсаукесері өтті.
- Оған 188 жерлесіміздің тағдыры мен ерлік істері енгізілген. Бұл оқиғаға қатысқандар тек 90-шы жылдардың бас кезінен ақтала бастады. Бүгінде «ұлтшылдық көрініс» деген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалған. Осы кітапты құрастырған Болат Төлепбергеновке, Гүлбаршын Абылғазиновнаға және редакциялық кеңес құрамына ерекше алғыс айтқым келеді, - деді шаһар басшысы Жақсылық Омар.