Римде қираған көне мұнара үйіндісінің астында қалған жұмысшы сыртқа шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні Римнің тарихи орталығында — Колизей маңында және Рим форумының жанында биіктігі 29 метрлік Torre dei Conti ортағасырлық мұнарасының бір бөлігі құлады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ұзақ уақыт үйінді астында қалған жұмысшы құтқарылды.
Ер адам Конти мұнарасының бөлігі құлағаннан кейін шамамен 12 сағат өткен соң, жергілікті уақыт бойынша 23:00-де қиранды астынан шығарылды. Ол дереу ауруханаға жеткізілді.
Румынияның Сыртқы істер министрлігі бұл адамның румыниялық азамат екенін хабарлады. Үйінді астынан құтқарылған тағы бір жұмысшы да румыниялық. Үш адамның құтқарылғаны, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр екені айтылды.
Мұнараға көп жылдан бері кіруге тыйым салынған, онда реставрация жұмыстары жүргізіліп жатқан.
Рим мэрі Роберто Гуальтьери «Біз оның сауығып кететініне үміттенеміз», деді.
Рим префектісі Ламберто Джаннини журналистерге бұл жұмысшының үйіндіден «ұзаққа созылған құтқару операциясынан» кейін шығарылғанын айтты. Бұған дейін ол жағдайды «өте күрделі» деп сипаттаған.
Еске сала кетсек, Нотр-Дам де Пари шіркеуінің мұнаралары өрттен кейін қайта ашылды.
Ал Италия Колизейді жаңғыртуға 18 млн. еуро бөлгенін жазғанбыз.