Ринат Зайыт ет саудасындағы мәселе турасында: ауылда делдалдар жүгіріп жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайыт ет саудасындағы делдалдармен күресті күшейтуді сұрады.

— Ет қымбаттады дегенде, ауыл шаруашылығындағы малшылар бір рахаттанып қалады деп ойладық. Ауылға барсақ, еттің бағасы ешқандай қымбаттамаған. Делдалдар жүгіріп жүр. Базарда 5-6 мың теңге тұратын етің ауыл мен қыстақта 3 мың теңгеге жетер-жетпес шамасында. Оны базарға апарып сатайын десе, онда бір «көке» отырып алып, өзінің тәртібін орнатқан, яғни таңғы сағат 4-те әкелсең үлгересің. Үлгермесең — сауда жоқ. Атап айтқанда, бағаны қоятын осылар. Жәрмеңкеге әкелейін десе, жақында қаншама шаруа: «Астана қаласында әкімдік орындарды сатып жіберген» деп шағымданды. Сонымен қатар, экспортқа малдың терісі мен жүнін шығара алмай отыр. Бұл тұрғыда делдалдармен күресу қалай іске асады? , — деп сұрады Ринат Зайыт.
Өз кезегінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев делдалдарға тосқауыл қою бағытында қазір жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын айтты.
— Осы жылдың 8 айындағы жағдайға тоқталсақ, 10 мыңға жуық өнімді жеткізу тізбегіне талдау жасадық. Бұл ретте салық, көтерме сауда, бөлшек сауданы қарап жатырмыз. Негізі, мұндай факторлар бар. Осындай жағдайларға 700-ден астам әкімшілік іс қозғадық, — деді министр.
Еске салсақ, биыл қыркүйек айында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет бағасының төмен болуы мал шаруашылығының дамуына теріс әсер еткенін айтты.