Рио-де-Жанейродағы жағажайда өткен Шакираның тегін концертіне 2 миллион адам жиналды
АСТАНА. KAZINFORM — Рио-де-Жанейро жағажайында өткен Шакираның тегін концертіне 2 миллион адам жиналды, деп жазады DW.
Копакабана жағажайындағы концерт колумбиялық әншінің «Әйелдер енді жыламайды» атты әлемдік турнесінің бір бөлігі болды. Шакира барлық хит әндерін орындап, концертті футболшы Жерар Пикемен ажырасқаннан кейін жазылған BZRP Music Sessions #53/66 әнімен аяқтады.
— Біз, әйелдер, әр құлаған сайын қайта тұрып, сәл болса да дана бола түсеміз, — деді әнші.
Адамдар әйгілі жағажайға таңертеңнен бастап жинала бастаған, олардың көпшілігі Латын Америкасының басқа елдерінен келген. Шакираның концерті, сондай-ақ Сан-Паулуда өткен Bad Bunny концерттері «Бразилия, Пуэрто-Рико, Колумбия және басқа да елдер Латын Америкасының бір бөлігі екенін көрсетеді. Ал Америка — тек АҚШ емес, — дейді келгендердің бірі Хеллем Соуза да Силва.
Қала мэрі Эдуардо Кавальеренің X желісінде жазуынша, концертке 2 миллион адам қатысқан. Бұған дейін осы жағажайда Мадонна мен Леди Гага өнер көрсеткен. Тегін концерттер — қала әкімдігінің саясатының бір бөлігі: «Шоуларға салынған инвестиция бізге 40 есе қаржылық қайтарым әкеледі», — деді Кавальере.
Шакираның концертіне келген туристердің арқасында қала қазынасына қосымша 155 млн доллар түседі деп болжанған.
Айта кетейік, әлемдік эстрада жұлдыздары – рэп орындаушы Эминем мен әнші Шакира 2026 жылы Алматыда концерт беруі мүмкін. Алайда бұл концерттердің өтетін күні мен орны әзірше нақты белгіленбеген.