«Rixos President Astana» заттары ұрланды деген румын футболшыларына сауал жолдады

«Rixos President Astana» қонақ үйінде Румынияның ұлттық құрама мүшелерінің жеке заттары мен ақшаларының ұрланғандығына қатысты БАҚ-та жарияланған ақпаратқа орай бұл мәліметтердің нақты емес әрі Астана қаласының құқық қорғау органдарымен ресми дәлелденбегендігін хабарлағымыз келеді», - делінген қонақ үй таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар онда 2016 жылдың 9-11 қазаны аралығында «Rixos President Astana» қонақ үйінде Румынияның ұлттық құрама командасы тұрғандығы айтылған. 2011 жылдың 11 қазаны күні шамамен сағат 13,30-да қонақ үй қызметкерлеріне Румыния ұлттық құрамасы өкілінен футболшылардың бірінің нөмірінде ақша мен IPAD жоғалғандығы туралы ақпарат түскен. Күзет қызметі бейне бақылау жүргізіп, бұл оқиғаны тіркеу және тыңғылықты тергеу жүргізу үшін Астана қалалық ІІД өкілдерін шақырған. Футбол командасының мүшелері де, өкілі де белгісіз себептермен полицияға арыз жазудан бас тартқан. Бұл жайтты оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тіркеген. Сол күні кешке қарай қонақ үйдің жеке бастамасымен күзет қызметкерлері және Астана қалалық ІІД өкілдері бірлесіп, қонақ үйдің бейне бақылау камераларын қосымша тексеріп, қызметкерлерді тергеп, қажетті тергеу әрекеттерін жасаған.
Тексеру нәтижесінде аталған нөмірге бөгде адамдардың кірмегендігі анықталған. Сол сәтте команда қонақ үй залдарының бірінде жаттығу жасап жатқан.
«Rixos President Astana» қонақ үйі жұмыс істей бастаған кезеңнен бергі аралықта біз Германия, Түркия, Әзербайжан, Австрия, Польша, Чехия және басқа да көптеген мемлекеттердің ұлттық құрамаларын бірнеше мәрте қабылдағандығымызды атап өткіміз келеді. Бірақ, осы уақыт ішінде қонақ үйде мұндай бірде-бір оқиға болған емес. Қонақ үй тұрақты түрде түрлі елдердің ресми делегацияларын орналастырады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен дипломатиялық миссиялары арасында жоғары беделге ие. Аталған өсектің таралуы себептері қонақ үй үшін қазір түсініксіз болып отыр», - деді қонақ үй өкілдері.