Робот сот орындаушылар арқылы өндірілетін сома 40 АЕК-ке көтеріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында сот шешімін цифрлық технологиялар арқылы орындату жұмысының аясы кеңейетінін айтты.

— Халық тарапынан жиі сын айтылатын өзекті бағыт — мәжбүрлеп орындату мәселесі. 2024 жыл ішінде 89 мың шағым келіп түскен. Бұл ретте жасанды интеллект мүмкіндіктерін одан әрі қолданатын боламыз. Робот сот орындаушысы арқылы оңайлатылған іс жүргізуді одан әрі дамыту жалғасады. Робот арқылы өндіріп алу сомасын жиырмадан қырық айлық есептік көрсеткішке дейін (157 280 теңге) кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтардың қаржысын үнемдейді.
«Цифрлық ассистент» енгізе отырып, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинетін» жетілдіреміз. Ассистент істің орындалу барысын толық көрсететін болады. Атап айтқанда, сот орындаушының қабылдаған және қабылдауы тиіс шарасын көрсетеді, - деді ол.
Айтуынша, енді халық осы платформа арқылы сот орындаушының әрекетіне шағымдана алады.
— Мүлікке салынған тыйымды, елден шығуға уақытша шектеуді алып тастау және борышкерлер тізілімінен шығару мәселесін автоматтандыру арқылы шешу жоспарлануда, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Бұған дейін Павлодарда робот сот орындаушысы борышкерлердің 7,5 млн теңгесін үнемдеп қалғаны хабарланған еді.