Робототехника, интеллект және спорт: «Айбын-2026» жиынында байқау сынақтары басталды
АСТАНА.KAZINFORM — Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің «Амандық» полигонында өтіп жатқан «Айбын-2026» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аясындағы жарыстарға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген мыңға жуық ұл-қыз қатысып жатыр.
Жиынға қатысушылар далалық лагерьге бейімделіп, жарыс шарттарымен танысып үлгерді. Барлығы әскери тәртіпке келтірілген. Жас патриоттар керней үнімен оянып, таңғы дене шынықтыру жаттығулары жасайды. Одан соң таңғы ас ішіп, байқауларға, қызықты кездесулер мен мәдени-демалыс іс-шараларына қатысады.
Жарыстар шет мемлекеттердің командалары, өңірлердегі әскери-патриоттық клубтар, күштік құрылымдардың командалары және әскери оқу орындарының командалары секілді төрт санат бойынша ұйымдастырылған.
Smart Sarbaz байқауы аясында жас бағдарламашылар робототехника, ақпараттық технологиялар және ұшқышсыз жүйелер салалары бойынша авторлық жобаларын ұсынды. Мысалы, «Жас теңізшілер» командасы төтенше жағдайлар кезінде адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялауға арналған роботтандырылған техниканы таныстырды. Робот-эвакуатор салмағы 100 келіге дейінгі зардап шеккен адамды көтеріп, тасымалдай алады. Сонымен бірге адам өміріне қауіпті аймақтарда барлау жүргізуге және миналарды іздеуге арналған автоматтандырылған кешендер де қазылар алқасының ерекше қызығушылығын тудырды.
«Айбын дарыны» зияткерлік ойынына қатысушылар да тест тапсырмаларын, ребустар мен логикалық есептерді шешу барысында өздерінің білімділігі мен тапқырлығын көрсете білді.
Ал ұлдар арасында белтемірге тартылуда, сондай-ақ қыздар арасында шалқалай жатып денені көтеру жаттығуларын орындау кезінде тартысты әрі қызықты бәсекелестік өрбіді.
— «Айбын» жиынына үшінші рет қатысып отырмын. Жыл сайын алдыма сайыста ең жоғары нәтиже көрсету мақсатын қоямын. Өткен жылы бұл жаттығуды 67 рет орындаған едім, ал бүгін өз көрсеткішімді жаңартып отырмын. Шалқалай жатып, денені көтеруді 83 рет қайталап, жеке рекордымды орнаттым. Әрине, бұл жетістіктің артында айлар бойы жүргізілген тынымсыз жаттығулар, орасан зор еңбек пен темірдей тәртіп жатыр. Тәлімгерлерімнің үмітін ақтағаныма қуаныштымын, — деді «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Нұрдана Ерғазы.
«Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында еліміздің әр өңірінен келген әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері өздерінің таланттары мен қабілеттерін паш етті.
Жарыстар жалғасуда. Алда жас патриоттарға төзімділігін, тапқырлығын және командамен жұмыс істеу қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа сынақтар күтіп тұр.
Айта кетелік Қазақстанда «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталған еді.