Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Рөлі оң жақтағы көліктермен жолаушы тасымалдауға тыйым салына ма

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев рөлі оң жақтағы автокөліктерді қалааралық жолаушылар тасымалында пайдалануға тыйым салу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. 

водитель
Фото: Freepik

Мұндай сұрақты журналистер министрге Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында қойды. Тілшілер рөлі оң жақтағы шағын автобустардың қалааралық жолаушылар тасымалында кеңінен қолданылатынын және олардың жол-көлік оқиғасына жиі ұшырайтынын атап өтті.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі кешенді тәсілді талап етеді және бұл тек Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ғана емес, Ішкі істер министрлігінің де жауапкершілігіне кіреді.

— 2007 жылдан бері Қазақстанға рөлі оң жақтағы автокөліктерді әкелуге тыйым салынған. Сондықтан бұл ең басты мәселе — қолданыстағы тыйымның сақталуын бақылау, — деді министр.

Журналистердің қалааралық жолаушылар тасымалында рөлі оң жақтағы автокөліктерді пайдалануға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр ма деген сұрағына министр жол қауіпсіздігіне жауапты Ішкі істер министрлігіне жүгіну керектігін айтты.

Сонымен қатар, ол өзі басқарып отырған министрлік тарапынан қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін маусым айында 167,8 мың автокөлік есепке қойылғанын жазғанбыз.