Ролан Гаррос турнирі: Рыбакина үшінші айналымда 2017 жылғы чемпионмен ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты.

Australian Open: Елена Рыбакина 17 жастағы теннисшіден айласын асырды
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 129-орында тұрған америкалық, түбі сербиялық, 17 жастағы Ива Йовичпен шеберлік байқасты.

Биыл Аустралия ашық чемпионатында Е.Рыбакина жас теннисшіні 6:0, 6:3 есебімен қапы қалдырған еді.

Бұл жолы қазақстандық спортшы бірінші партияны өз пайдасына жазды – 6:3.

Екінші сетте есеп 1:1 болған сәтте Рыбакина брейк жасай алды. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Йович 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Е.Рыбакина nөртінші айналымға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, латвиялық, 2017 жылғы Ролан Гаррос жарысының чемпионы Елена Остапенкомен таласады. Е.Остапенко екінші айналымда рейтингіде 67-орындағы америкалық Кэролайн Доулхайдты жолдан тайдырды – 5:7, 6:3, 6:3.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 233-сатыдағы Тимофей Скатов Виченца (Италия) челленджер турнирінің ширек финалынан шет қалды.

Т.Скатов әлемнің 182-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, аустриялық Лукас Ноймайермен аса тартысты матч өткізді. Бірінші партияда Скатов 6:3 есебімен басымдылық танытқанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады – 6:7 (3:7), 4:6.

Үш сағат 10 минутқа созылған бәсекеде Скатов 5 эйспен бірге 17 брейк-пойнттың тек төртеуін пайдаланды. Ноймайер 3 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирде ресейлік спортшыдан басым түскенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар