Ролан Гарростан кейін Бублик үшін Штутгарт турнирі сәтті бола ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 8-14 маусым аралығында өтетін Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінде бақ сынайды.

Бублик
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Штутгартқа келіп, дайындықты бастаған А.Бублик үшін бұл көгал маусымындағы алғашқы жарыс болмақ. 

Доданың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымнан бастайды.

Ол әлемнің 80-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфф немесе рейтингіде 193-орындағы іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, канадалық Алексис Галарноның қай жеңгенімен ойнайды. 

Жексенбі күні мәресіне жеткен Ролан Гаррос турнирі А.Бублик үшін сәтсіз болды. Ол алғашқы айналымда-ақ дәл осы Штруфтан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. Соның салдарынан дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисші 10-нан 11-сатыға ығысады. Оның орнына биылғы Ролан Гаррос турнирінің финалисі, италиялық Флавио Коболли көтеріледі. 

Финалда Ф.Коболлиді 6:1, 4:6, 6:4, 6:7 (5:7), 6:1 есебімен ұтқан әлемнің 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверев өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды. 

Әйелдер арасында да 19 жастағы ресейлік Мирра Андреева тұңғыш рет осындай деңгейдегі додада топ жарды. 

Қазақстандықтардан Анна Данилина ғана сәтті өнер көрсетіп, жұптық сында финалға дейін жетті. 

Енді көгал маусымындағы турнирлерде, соның ішінде Уимблдонда қазақстандықтар табыс биігінен көріне ала ма, оны алдағы жарыстар көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Лондон жарысында өнер көрсететінін жазған едік

Сондай-ақ Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің финалында жеңіліс тапты.