Ролан Гарростың іріктеу турнирі: Екі теннисші финалға жолдама алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park корттарында Батыс және Орталық Азия бойынша Ролан Гаррос іріктеу турнирінің финалына шыққандар белгілі болды.

Ролан Гарростың іріктеу турнирі: Еркежан Жаңатаева мен Әдия Омарбек финалға жолдама алды
Фото: ҚТФ

Қыздар арасында бірінші жартылай финалда Еркежан Жаңатаева түрікменстандық Илима Гусейновамен кездесті. Бірінші партияда қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетті — 6:1. Екінші сетте Гусейнова 3:0 есебімен алға шыққанымен, Жаңатаева таразы басын теңестіріп қана қоймай, матчты жеңіспен тәмамдай алды — 6:3.

Екінші жартылай финалда қазақстандықтар Алиса Королёва мен Әдия Омарбек арасындағы матч аса тартысты өтті. Бірінші партия 7:6 (7:3) есебімен Алисаның пайдасына шешілді. Дегенмен бұдан кейін Әдия камбэк жасай білді — 6:3, 6:1.

Осылайша, финалда Еркежан Жаңатаева мен Әдия Омарбек шеберлік байқасады. Шешуші ойын нәтижесіне қарамастан, қос теннисші де Жапонияда өтетін Ролан Гарростың қорытынды іріктеу сайысына жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Путинцеваны жеңген теннисшінің Рыбакинамен ойнайтынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар