Роналдудан вирустық инфекция анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының жұлдызы Криштиану Роналду Азия чемпиондар лигасы аясындағы «Әл-Шортаға» қарсы ойынға қатыса алмайды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Дереккөздің айтуынша, 39 жастағы шабуылшының денсаулығы нашарлаған. Медициналық тексеру нәтижесінде португалдық футболшыдан вирустық инфекция анықталды. «Әл-Наср» дәрігері ойыншыға емдеу курсын жазып берді. Криштиану алдағы матчқа қатыспайды.
Айта кетейік, Криштиану Роналду Эр-Рияд клубында 2023 жылдың қаңтарынан бері өнер көрсетіп келеді. Оның «Әл-Насрмен» келісімшарты 2025 жылдың жазына дейін жасалған. Биылғы маусымда футболшы клуб сапында ел чемпионатында 3 матчқа қатысып, 2 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.
Айта кетейік, Роналдудың әлеуметтік желідегі жазылушылар саны 1 миллиардқа жетті.