Руанда Президенті Астанадағы форумда елінің тарихындағы геноцид кезеңін еске алды
АСТАНА. KAZINFORM — Руанда Республикасының Президенті Поль Кагаме Астана халықаралық форумында қауіпсіздік мәселесінің мемлекеттер дамуындағы рөлі туралы сөз қозғады.

— Қазақстандағы бақуат — мемлекеттің күшті басшылығынан және дамудың тұрақтылығынан көрініс береді. Бұл форум диалог үшін ғана емес, әлемдегі прагматикалық ынтымақтың өмірлік маңызды алаңына айналды, — бастады Руанда басшысы.
Мәртебелі мейман модератордың қойған сұрағына жауап бере отырып өз елінің тарихын мысалға алды.
— Біз әуелде өз тарихымызға арқа сүйейміз. Елімізде болған геноцидті еске алыңыз. Өзге елдер бізде болып жатқан жағдайға назар аудармай басқа жаққа көз тігіп жатты. Бірақ бұл бізге өзге елдермен ынтымақ орнатуға кедергі болған жоқ. Дос пейілді елдер мен серіктестерімізден көп қолдау алдық. Бірақ бұл әрқайсымыз өз міндетімізді орындамасақ, соншалықты ықпал етіп, пайдалы дүние болмаушы еді.
Біз өткен тәжірибемізден сабақ алдық. Басқа елдерден болып жатқан оқиғалардан кез келген мемлекеттің дамуы үшін қауіпсіздік аса маңызды элемент екенін аңғарып отырмыз, — деді Поль Кагаме.
Сөзінің соңында Руанда басшысы Қазақстанға AIF алаңы арқылы әр тарап әлемдік ықпалдастыққа өз үлесін қосатындай мүмкіндік ұсынғанына алғыс айтты.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.
Бұған дейін форумның мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамен, Албания Премьер-Министрі Эди Раманы, Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Андрей Пленковичті, Қатар Премьер-Министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни бар екені хабарланған болатын.