Рубио Израильде Қатарға жасалған соққыларды айыптады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жексенбі күні Израильге екі күндік сапармен барып, Газадағы қақтығыстың болашағы мен тұтқындарды босату мәселесін талқыламақ, деп хабарлайды BBC.
Рубио Израильдің Қатардағы ХАМАС лидерлеріне жасаған шабуылына тағы да наразылық білдірді, бірақ бұл оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынастарға зиянын тигізбейтінін, олардың ынтымақтастығы әлі де берік екенін айтты.
Дүйсенбі күні Қатарда араб-ислам елдерінің шұғыл саммиті өтіп, алдағы әрекеттер талқыланады.
Рубио АҚШ президенті Дональд Трамптың барлық израильдік тұтқындардың бір мезгілде босатылып, ХАМАС толық жойылуы керек деген талабын жеткізді.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, Вашингтон ХАМАС тобы ұстап отырған 48 тұтқынды босатуды, олардың 20-сы әлі тірі болуы мүмкін екенін және Газаны қалпына келтіру жолдарын талқылағысы келеді.
— Болар іс болды. Біз Израиль басшылығымен кездесіп, болашаққа қатысты сөйлесеміз, — деді Рубио сапар алдында.
Ол Израильдің Газа қаласына шабуылды қайта бастағанына қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Сондай-ақ Рубио Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху және АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакабимен бірге арнайы стеллаға барды.
Еске сала кетейік, 9 қыркүйекте Израиль Қатар астанасы Дохаға әуе соққыларын жасап, соққы нысанасы ХАМАС тобының саяси бюросының мүшелері болғанын мәлімдеді. Бұл соққылар салдарынан 6 адам қаза тапты. Олардың арасында топтың бас келіссөз жүргізушісі Халил әл-Хайяның ұлы және Қатар ІІМ қызметкері бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль билігінің Дохадағы әскери әрекетін айыптады. Израильді Таяу Шығыстағы бірнеше мемлекет те айыптады, ал Иордания королі Израиль соққыларына қарсы халықаралық мобилизацияға шақырды.