Рудныйда жоғалып кеткен 7 жасар қызды іздестіру жұмысына еріктілер де қосылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Рудный қаласында жеті жастағы қыз бала Виктория Ганяны іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Белгісіз ер адам ертіп әкеткен қыз баланы іздестіру операциясына енді қаланың еріктілері де атсалысуды ұйғарған.
None
None

Айтып өткеніміздей, іздестіру шараларын Қостанай облыстық ІІД бастығы Тілеген Маткенов басқарады. Жергілікті жерлерді шолуға әскери бөлім жауынгерлері мен қаланың білім бөлімінің қызметкерлері, Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігінің жұмысшылары, сондай-ақ еріктілер атсалысуда.

Қостанай облыстық ІІД өкілі Елена Кашаринаның болжамынша, іздестіру жұмыстарына үш мыңнан астам адам тартылған. Еріктілер тіпті қала арқылы өтетін автокөліктерді де тексеруге кіріскен.

Негізгі іздеу жұмысы саяжайларда жүргізіліп жатыр. Алайда, бұған қолайсыз ауа райы кері әсерін тигізуде: өңірде ауа температурасы нөлден төмендеп, қар жауған, қатты жел соғып тұр. Соған қарамастан, іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ.

Әзірге жоғалған қыз баланы қала шетінде ер адамның ересек адамның күртесін кигізіп алып ертіп бара жатқанын көргендер бар деген дерек бар.

Сондай-ақ ІІД баспасөз қызметі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан қыз баланы іздестіру барысы және оның тағдыры туралы негізсіз мәліметтерді таратпауларын өтініп отыр. «Бұл туралы жалғыз ресми ақпарат көзі ішкі істер департаменті болып табылады», - дейді олар. Полиция қызметкерлері жоғалған қыз жайлы ақпаратты таратты: бет әлпеті еуропалық сипатта, жасы жетіде, бойының ұзындығы 100 см, беті сопақ, шашы қара, қастары имек, ерні жіңішке. Үстіне сары түсті күрте, күлгін түсті шұлық киген, басында ақ түсті орамал мен аяғында сұр түсті аяқ киім болған.

Полицияның ақпараты бойынша, бұл іске 30-35 жастағы, бойы орташа келген еуропалық ер адамның қатысы болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар