Рудныйдағы үш аурухана біріктіріледі

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудный қаласындағы үш аурухана қосылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Рудныйдағы перинаталдық орталық пен балалар ауруханасын қалалық ауруханаға қосу туралы мәселе осы жылдың тамыз айында көтерілген болатын. Ауруханалардың бірігуіне қарсылық танытқан бастамашыл топпен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елена Слободенюк жабық кездесу өткізген-ді. Енді бұл жиын тілшілердің қатысумен жалғасты. Астанадан арнайы келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  амбулаториялық-емханалық көмекті ұйымдастыру басқармасы басшысы Бауыржан Жүсіпов мәселенің мәнісін түсіндіріп берді.

«Алдағы уақытта медициналық мекемелерді біріктірудің нәтижесінде 600 орынды көпбейінді кешен пайда болады. Негізі, халықаралық сарапшылар сырқаттарды емдеу үшін мультидисциплинарлық әдісті қажет деп санайды. Науқастар үшін барлық ресурстарды шоғырландыру қажет, себебі ол ауруханаға барғанда білікті мамандардың көмегіне жүгініп, заманауи медициналық жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік алуы керек. Ал, еліміздегі шағынбейінді медициналық ұйымдар бұл мәселелерді шешпейді. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында ауқымды әрі сапалы қызмет көрсететін көпбейінді медициналық кешендер  құру туралы шешім қабылданды. Өңірлерде денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарлары әзірленді» - деп түсіндірді Бауыржан Жүсіпов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дәуітбаевтың айтуынша, үш аурухананы біріктіру арқылы 29 миллион теңгені үнемдеуге болады. Сондай-ақ, төсек орындарының санын көбейіп, балалар хирургиясы мен травматология, реанимация қызметтерін дамытуға да мүмкіндік туады.

«Үш аурухананы біріктірудің тиімділігі көп. Бұдан бірде-бір сырқат зардап шекпейді. Керісінше, қалалық ауруханадағы компьютерлік томография балалар үшін қолжетімді болады, перинаталдық орталықтың пациенттері үшін де тиімді, олар қалалық аурухананың білікті мамандарынан тегін кеңестер ала алады. Келер жылы оңалту қызметін кеңейтеміз, әсіресе балаларға оңалту көмектерін көрсету бойынша қаржыландыруды ұлғайтуға тырысамыз. Мұның сыртында Қостанай-2 шағынауданда ересектер мен балаларға арналған оңалту орталығын салу үшін инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Маман даярлау ісі де шешіледі», -дейді Е.Дәуітбаев.

Сонымен, жыл соңына дейін Рудныйдағы перинаталдық орталық пен балалар ауруханасы да ешқандай қиындықсыз қалалық ауруханаға бірігеді. Жұмыс режімі өзгермейді. Тек, келер жылдан бастап, біртіндеп халықтың қажеттіліктерін есепке ала отырып, қайта құру жұмыстары басталады.

«Мәселен, үш ауруханада да химиялық зертхана бар. Әрине, сөзсіз біреуі ғана қалдырылады. Ауруханаларда кір жуу, ас дайындау сияқты жиі қайталанатын қызметтер де тұрақты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта асхананы балалар ауруханасының базасында, кір жуу нысанын перинаталдық орталықта қалдыруды көздеп отырмыз. Сондықтан, қажет деген мұндай бөлімшелер қысқармайды әрі техникалық және шаруашылық сала қызметкерлері де зардап шекпейді. Зейнет жасына таяп қалғандар да жұмыстан шығарылмайды»,- деді Рудный қалалық ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкенов.

Белгілі болғандай, қосымша қызметте жүрген зейнеткерлер жұмыстарын тоқтатады. Бұған қоса кадр және бухгалтерия бөлімдерінде қысқартулар болады. Дегенмен, аурухана басшылығы олардың барлығына жұмыс тауып беруге уәде берді.

Соңғы жаңалықтар