Рудныйлық «Горняк» шайбалы хоккейден Қазақстан Кубогын жеңіп алды

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Өскеменде ерлер командаларының арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Кубогының VIII ойындары өтті. Бұл туралы Қазақстанның Шайбалы хоккей федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Рудныйлық  «Горняк»  шайбалы хоккейден  Қазақстан  Кубогын     жеңіп алды

Турнирдің бас жүлдесін ақтық кездесуде Қарағандының «Сарыарқа» клубын 3:0 есебімен жеңген рудныйлық «Горняк» қанжығалады. Сөйтіп, «Горняк» Қазақстан Кубогының тарихында осы жүлдені тұңғыш рет жеңіп алды. Бұған дейін Кубокты 4 рет өскемендік «Қазмырыш-Торпедо», үш рет - «Қазақмыс» (Сәтбаев) иеленген болатын.

Үшінші орынға атыраулық «Бейбарысты» 5:2 есебімен жеңген Өскеменнің «Қазмырыш-Торпедосы» табан тіреді.

Осылайша, төртінші орынды - «Бейбарыс», бесінші орынды - «Ертіс-Павлодар», алтыншы орынды - «Қазақмыс», жетінші орынды - көкшетаулық «Арлан», сегізінші орынды - «Барыс-2» қанағат тұтты.

«Сарыарқа» клубының ойыншысы Андрей Трощинский Қазақстан Кубогының үздік шабуылдаушысы атанды.