«Рухани жаңғыру»: 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында ашық аспан асты және геологтар музейі, тарихи-мәдени саябақ, қазақ тіліндегі жаңа оқулықтар және тағы басқа бірқатар жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

«Рухани жаңғыру»: 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді

Хабарламада айтылғандай бүгін министрліктің ұйытқы болуымен «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың жаңа тәсілдері таныстырылды.

Шараны ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова аша отырып, азаматтардың санасын жаңғыртуда бағдарламаның ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Бағдарламаны іске асырудың осы кезеңінде барлық тараптардан белсенді қатысуы, бастама, сондай-ақ кең медиа-тарату талап етіледі. Негізгі міндет - халықтың барлық топтарымен қатар азаматтық және үкіметтік емес секторды тарту. Сондай-ақ, бағдарламаны одан әрі іске асыру мақсатында орталық мемлекеттік органдардың жекелеген іс-шаралар жоспарын қабылдау орынды деп санаймыз», - деді ол.

Вице-министр жаңа тұжырымдамалық тәсілдерді есепке ала отырып, ҚР Премьер-Министрінің өкімімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгенін хабарлады.

«Өңірлерде тарихи-мәдени саябақтар, «ашық аспан астында» музейлер ашылатын болады. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында бұрғылаушы геологтар музейін ашу, «Отырар», «Таңбалы», «Ұлытау» республикалық музей-қорықтарында 3 сапар-орталық салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 20-дан аса қасиетті нысандарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Зияткерлік спорт түрлерімен 5 мыңнан аса оқушы қамтылып, ЖОО, колледждер мен кітапханалар бағдарлама шеңберінде аударылған қазақ тіліндегі жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіледі» - деді вице-министр.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жобаның мақсаты - 2030 жылға қарай елді мекендерде ауыл халқының кемінде 80% тұруын қамтамасыз ететін, ауылдық аумақтардың өмір сапасының заманауи стандарттарға жауап беретін әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды жаңғырту.

Одан бөлек, жастардың ауылдық елді мекендерді дамыту мен ондағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға кеңінен қатысуы, дарынды жастарды аграрлық ғылымға тарту үшін жағдай жасау көзделген.