Рухани жаңғыру өңірлерді дамытудың жарқын жолына айналды - Ғабидолла Оспанқұлов

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне бір жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде елімізде және өңірлерде көптеген жұмыс тындырылғаны белгілі. Алдағы мақсат-міндет те ауқымды. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен сұхбаттасқан еді.

Рухани жаңғыру өңірлерді дамытудың жарқын жолына айналды - Ғабидолла Оспанқұлов

- Ғабидолла Абдоллаұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жүктелген міндеттердің облыс деңгейінде атқарылуы қалай? Жүзеге асқан маңызды шаралар туралы не айтар едіңіз?

- Жалпы, «Рухани жаңғыру» аясындағы барлық жұмыстар екі бағытта атқарылды. Оның бірі жобаларды іске асыру болса, екіншісі - ұйымдастырушылық, сараптамалық жүйені қалыптастыру.

Бірінші бағыт бойынша 2017 жылы 143 іс-шара өткізілді. Оның басым бөлігі жергілікті демеушілердің қолдауымен жүзеге асқанын айта кеткім келеді. Өткен жылғы маңызды іс-шаралар қатарында «Қазақстанның жеті кереметі» туристік-өлкетанулық аймақтық экспедициясы, «Жас экологтар» мен «Менің елім - Қазақстан» республикалық форумы, колледж студенттері арасында «Рухани жаңғыру - болашақтың кепілі» фестивалі, балалар мен жасөспірімдер ансамбльдерінің шеруі, «Туған өлке News» аймақтық медиа-форумы, «Білім. Туризм. Интеграция» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын айтуға болады.

«Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша барлығы 93 жоба тізілімге енгізілсе, қазіргі таңда соның 67-сі мәреге жетті. Мысалы, «Әлеуметтік бастамалар картасы» аясында кәсіпкерлер тарапынан 60 жоба жасалды. Соның ішінде Ақсай қаласында спорт кешені, Бөрлі ауданында балабақшалар, Қазталов ауданында 12 млн теңгеге ашық аспан астындағы музей бой көтерді. Осы кіші бағдарлама аясында да республикалық және аймақтық деңгейдегі шаралар өтті.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша барлығы 95 іс-шара жасалса, соның ішінде Қазақстан бойынша алғаш рет Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» музейі ашылғанын айтуға болады. Сонымен қатар облыс аудандарына экспедиция жүргізу арқылы Қазақстанның виртуалды картасы үшін қасиетті нысандардың GPS координаттары анықталып, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына берілді.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында да мониторинг жүргізіліп, тиісті жұмыстар жасалуда. Айталық, 2018 жылы Қазақстандағы қасиетті жерлерді зерттеуге, аймақтың мәдени мұраларын сақтап, сананы жаңғыртудың алты құндылығын нығайтуға бағытталған телевизиялық жобалар жалғасын табады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының екінші бағыты бойынша облыс, аудандар мен қалада жобалық офистер құрылып, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта және БАҚ өкілдерінен тұратын тәуелсіз сарапшылар кеңесі жұмыс жасап жатыр. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулер батысқазақстандықтардың басым көпшілігі бағдарламаны құптайтынын, жекелей тоқталсақ, 81,8 пайызы «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық», 90,7 пайызы «Қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіру» және 84,1 пайызы «Туған жер» арнайы жобасын қолдайтынын көрсетті.

- Ал биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай маңызды жобалар қолға алынбақшы?

- 2018 жылы 414 іс-шара жоспарланып отыр. Бұл жобалар да негізінен демеушілер есебінен жүзеге асады деп ойлаймыз.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 88 іс-шараға 60 мыңға жуық адамды тарту көзделуде. Бастыларын ғана айтсақ, облыс оқушылары үшін «Туған өлкенің көрнекті жерлерінен Қазақстанның киелі жерлеріне дейін» туристік-өлкетану экспедициясы жоспарланды. Жоғары оқу орындарынан Ресейдің Солтүстік және Орталық Кавказының Ставрополь аймағындағы қазақ мәдениетіне байланысты «Ұлы Жібек жолы - ұлы достық жолы» атты Орал-Сарайшық-Атырау-Пятигорск бағытымен халықаралық тарихи экспедиция жолға шықпақшы.

Ақын Қадыр Мырза Әлидің «...нағыз қазақ - домбыра» деп жырлағанындай, ұлттық кодымызды сақтаудың бір жолы - домбыраны насихаттау. Осы мақсатта мектептерде домбыра үйірмелері қолға алынып, үзілістік қоңыраудың орнына күй әуенін ойнатылады. Қаладағы халық көп жиналатын орындарда, ірі сауда орталықтарында өнер мектептерінің тәрбиеленушілері ұлттық аспаптарда өнер көрсетуді бастады. Оған қоса мамыр айының екінші онкүндігінде Домбыра күнін өткізу жоспарланған. Бұл ретте өнерлі өрендерді облыс орталығына жинап, басты алаңда бір уақытта бірдей шығарманы орындау көзделеді.

«Кітап - білім бұлағы» жобасы аясында білім мекемелерінде кітап оқу күндері өткізіліп, таңдап алынған шығарма оқылып біткеннен соң, сюжет бойынша суреттер конкурсы, эссе байқауы, буктрейлерлер әзірленетін болады.

Облыстың елді мекендері бойынша 3D картасы жасақталады.

2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Заманауи дәрістер» жобасы, «Бастау» коворкинг орталығы мен «Елім менің» жастар коалициясының қызметі, «Гүлдене бер, туған ел» және «Таза қала» акциялары, «Жомарт жүрек» салтанатты шарасы жүзеге асады.

Қала және аудандардағы меценаттармен бірге жүзеге асырылатын 247 жоба ұсынылды. Соның алғашқысы - Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылында Шыңғырлау өзенінен өтетін көпірді жергілікті кәсіпкер Мирболат Тасмағамбетов салып берді. Бұдан өзге биыл меценаттардың көмегімен Ақсай қаласында 18 млн тенгеге street work out алаңдары, 12 млн тенгеге Казталов ауданы, Сарықұдық ауылында мәдениет үйі (кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев), 130 млн теңгеге Теректі ауданы, Федоров ауылында сауықтыру кешенінің құрылысы (Сержан Идиятов), Теректі ауданы Қаңдықтан Рыбцех ауылына дейін (100 тұрғыны бар) таза ауыз сумен қамту жобасы (Мөтеғали Жанбозов) секілді игі істер қолға алынбақшы.

 «Туристік маршруттар» жобасын іске асыру үшін облыста виртуалды турлар мен туристік бағыттарды құру ойластырылуда. «Қазақстанның мәдени жетістіктері» негізгі бағыты бойынша «Ұлы дала мәдениеті», «Ақжайық елі - мәдениет маржаны», «Достық, бірлік, татулық», «Мәдени жайлау» іс-шаралары де өткізіледі. Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына арналған «Орал-Жаңақала-Бөкей ордасы-Астрахан» бағытында халықаралық мәдени-танымдық экспедициясы ұйымдастырылмақ.

- Қазақстанның қасиетті орындарының қатарына Батыс Қазақстан облысынан алты нысанның енгізілгені белгілі. Соның ішінде ұзақ мерзімді жобалар ретінде «Жайық қалашығында» ашық аспан астындағы музей, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде табиғи қорық ашу көзделуде. Осы бағытта не істелуде?

- Иә, республикалық макросакралды нысандар - ортағасырлық Жайық қалашығы, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені, Алаш музейі, Тақсай обалар кешені, Жұмағазы хазірет, ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш пен күйші-композитор Дәулеткерейдің кесенелері ұдайы назарда. Мысалы, Сырым ауданындағы Алаш музейі қайта жөнделіп, экспозициясы жабдықталды. Жәнібек ауданында Ғұмар Қараштың бейітіне меценаттардың көмегімен кесене орнатылады.

Эпиграфиялық экспедиция нәтижесінде табылған Айшуақ, Жантөре, Есім хандардың, Байбарақ пен Үкі бидің құлпытастары мен кесенелері қалпына келтіріледі.

«Сакралды Қазақстан» макеттік картасы жасалып, ғылыми-зерттеу экспедициялары, инфрақұрылымды жасау және басқа кешенді жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар өңірде «Жайық қалашығы - ашық аспан астындағы музей» және «Бөкей ордасы тарихи-музей кешені базасында музей қорығын құру» атты қос бірдей ұзақ мерзімді жоба жүзеге асырылуда.

БҚО әкімдігі меценаттардың көмегімен Жайық қалашығы аумағына кірме аркасын орнатуды жоспарлап отыр. Екінші жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірге қолға алынды. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрамындағы ғимараттарды республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізу бойынша мәселе министрлік жанындағы республикалық комиссияда қаралып, оң шешімін тапты. Енді ҚР Үкіметінің қаулысы шығуы керек.

Оған қоса Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына дейінгі автожолды жөндеу, шағын авиацияны жолға қою секілді басқа да жұмыстар қолға алынуда.

- Әркімге туған жері қымбат. Ендеше, «Туған жер» бағдарламасы аясында әлі де қандай жұмыстарды қолға алу қажет деп ойлайсыз?

- Біз - ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең байтақ аумағын мекен еткен ата-бабаларымыз туған жерін қастерлей білген. Түптеп келгенде, қазақтың қай жері де қасиетті. Ендеше, туған өлкені дамыту - ұрпаққа парыз. Елімізде кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында өз кәсібін дөңгелеткен, төрт құбыласы түгел азаматтар өздері өсіп-өнген ауыл-аймағын ұмытпай, оны өркендетуге өз үлесін қосып келеді. Бұл тұрғыда олар қандай нысан тұрғызып, қандай мөлшерде қаржы салуын өздері анықтайды. Дегенмен «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген, мұның бәрі сол өңір халқының сұранысынан туындаса, тіпті жақсы болар еді.

- Соңғы сауал, облыста латын қарпіне көшуге байланысты қандай жұмыстар атқарылуда?

- Латын графикасындағы қазақ алфавитінің бірыңғай стандарты жөніндегі Парламенттік тыңдау шешімін және Елбасының 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығын қолдау бағытында желілік кестеге сәйкес 130, соның ішінде республикалық 6 шара өткізілді. Әсіресе,Ұлттық музей қорынан алынған «Qazaq kitaptary 1929-1940» атты латын әліпбиімен жазылған кітаптардың көрмесі мектеп оқушылары мен студенттердің латын әліпбиіндегі тарихымыздан терең мағлұмат алуына септігін тиізді деп ойлаймын. Жалпы, латын қарпіне көшу бағытындағы жұмыстар да жыл бойы жалғасын табатын болады.