Рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан дамыған мемлекет бола алмайды — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқын салауатты ұлт деп атауға болғанымен босаңсуға болмайды. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Баршаңызға мәлім, ұлт саулығын нығайту және адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті саналады. Жалпы бұл бағытта іргелі жұмыстар қолға алынды. Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды. Бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен Дене шынықтыру және спорт туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек. Соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керектігін баса айтты.
— Бұл — еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпы ұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам балаға спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда бізді салауаты ұлты деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды, — деді Президент.
Бұған дейін Ақтөбеде футбол стадионын салуға 6,5 млрд теңге бөлінгені белгілі болды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль жеңіп алды.