«Рұқсатсыз үйді де бөлуге болмайды» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі сауапты іс бастады. Осыған дейін Астана және Алматы қалаларында елдің қолындағы жәдігерлерді жинап, «Ұлттық музейге сый тарту» атты акцияның тұсауын кескен. Бұрнағы күні осы игі шара Қызылорда облысында жалғасын тапты. Шараға Қазақстан Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай мен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты. Ұлттық музейге сый тартуға Социалистік Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева мен Сәлима Жұмабековалар арнайы келді. Ілтипатты сөзін арнап, өздері тұтынған заттарын тарту етті. Мәселен, Шырынкүл Қазанбаева осыдан елу жыл бұрын өз қолымен тоқыған кілемін берсе, Сәлима Жұмабекова өзі киген қамзолын сыйлады. Сонымен қатар, шараға Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Зейнолла Шүкіров, Асқар Тоқмағамбетов, Дүкенбай Досжан, Батырхан Шүкенов сынды, т.б. ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, олардың қолданған құнды жәдігерлерін Ұлттық музейге табыстады. Солайша, кезінде дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың тақиясы мен кетпені Астанаға жол тартты. Сондай-ақ, акция аясында Сыр өңірінің тумалары, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев пен даңқты спортшымыз Илья Ильиннің жеке заттарымен қоса, жергілікті суретші, мүсіншілердің де туындылары музейге тарту етілмек. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биылғы наурыз айында Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алғанын айта кетейік. Одан кейін маусымда Алматыда жалғасын тапқан еді. Сол кезде Ілияс Жансүгіров, Тахауи Ахтанов, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Әзілхан Нұршайықов, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаев сынды белгілі тұлғалардың ұрпақтары, туыстары қатысып, олардың көзі тірісінде қолданған заттарын Ұлттық музей қорына тапсырды. Осы уақытқа дейін Ұлттық музейге барлығы - 918 зат табысталды. Құнды жәдігерлер бүгін Сыр өңіріндегі азаматтар тарту еткен мұралармен толыға түсті. Бұл туралы «Көненің көзі жертөледе тұрмауы керек» деген мақалада кеңінен баяндалған. Бас басылымда «Алтынбекова әлі елде жүр» атты материал берілген. Әдемілігімен әлемге танылған қазақтың волейболшы қызы Сәбина Алтынбекова Жапонияға қоныс аударуы мүмкін. Себебі, ол бүгінде осы елдің GSS Sunbeams клубымен келіссөздер жүргізуде. Аталған волейбол клубы әйелдер арасындағы Жапония чемпионатының екінші дивизионы - V.Challenge Ligue лигасында ойнайды. Жасақтың базасы ел астанасы - Токио қаласында орналасқан. Кестеге сәйкес бұл елде жаңа маусым қараша айында басталады. Спортшының анасы Нұрипа Алтынбекова отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Сәбинаны ол жаққа Қазақстан волейбол федерациясы жібергенін мәлімдеді. «Федерация қызымды спорттық тұрғыда біліктілігін арттыру үшін арнайы жіберіп отыр. Соған байланысты біз тамыз айында Жапонияға барып, жаңа команданың сапында күніне сегіз сағаттық жаттығуларға қатыстық. Мамандар Сәбинаның физикалық және техникалық шеберліктеріне айрықша мән берді. Қазір аталған клуб басшылығы келісімшарт жасасу туралы мәселені қарастыруда. Алдағы уақытта бұл жайт оң шешімін табады деп үміттенемін», - деді ол. Анасының айтуынша, бүгінде Сәбина Қазақстанда. Ол қызының қандай клубта ойнаса да, ұлттық құрамаға келгенде, тек туған елдің намысын қорғайтынына ерекше назар аударды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда сәулеті, ішкі-сыртқы схема-жоспары қайта өзгертілген үйлер өте көп. Тіпті «Электронды Үкімет» порталында: «Әдетте жаңа құрылыстардың өзіндегі сәулеттік ізденістер тұрғын үй иелерінің аса жайлы емес жоспарлаудан зардап шегуіне әкеледі, - деп ашық жазылған. - Бұл - тым кішкентай асүй, тар дәретхана, сопақша жатын бөлмелер, шектен тыс үлкен дәліздер және басқа да көптеген дұрыс жобаланбаған кеңістіктер жақсарту және түрлендіруді қажет етеді». Ал енді салушылардың осы олқылықтарын түзетіп, баспана ішін рұқсатсыз қайта жобалап, жоспарлаған азаматтарға жаза қатайтылатын болды.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кешегі кеңейтілген отырысында «сәулет, қала салу және құрылыс қызметі» бойынша қолданыстағы ұлттық заңнаманы өзгертетін («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құрылыстағы баға белгілеу, сәулет-құрылыс бақылауын, сондай-ақ объектілерді пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») жаңа заңының жобасы қаралды. Бұл құжатты Мәжілістің бір топ депутаты әзірлеген екен. Жоғарғы палатадағы әріптестері алдында жобаның жаңалықтарын жария еткен Мәжіліс депутаты Николай Логутов баспананы жергілікті құзырлы органның рұқсатынсыз қайта жоспарлау («перепланировка») үшін қазақстандықтарды бұдан былай тіпті қылмыстық қудалау күтуі ықтималдығын айтты. Бұл жайында « Рұқсатсыз үйді де бөлуге болмайды» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Өнімі «экспортқа» кеткен шебер» атты мақала жарияланды. Зергерлік - жылдар бойы тәжірибемен қалыптасатын бекзат өнер. Сондықтан бұл өнердің иелері - орта жасты еңсерген азаматтар. Ал газеттің бүгінгі санындағы кейіпкер -талантты зергер Мерхат Жұмаханов жиырмадан енді ғана асты. Соған қарамастан, оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары Ресей, Қытай Түркия асып үлгеріпті. «Біз тек экспортқа ғана жұмыс істеп келдік, елде бізді көпшілік тани бермеуі мүмкін» деп түсіндіреді Мерхат. Жаратылысынан сөзден істі тәуір көретін жас жігіт әуел баста «зергерлікті кәсіп көзіне айналдырайын» деп ойламаған, тек хобби деп қараған. Ағайын-туыс, қалаберді достарының тапсырысын орындаумен ғана шектелген. Қолдарынан шыққан зергерлік бұйымдарының елге танылмай жатып, «экспортталып кетуіне» де Қытай Халық Республикасындағы туысқандарының үйіне қонаққа барған таныстарының бірі себеп болыпты. - Бәрі содан басталды. Содан ел-жұрт құлақтанып, Ресей мен Моңғолия қазақтарынан сұраныс түсе бастаған. Содан бері тек экспортқа ғана жұмыс істейміз, - дейді Мерхат. Ал Мерхаттың қолынан шыққан бұйымдар, бірегей, таратып айтқанда, «эксклюзив». Жас жігіт көшірме дүние көбейген сайын оның құндылығы да төмендей береді деген ойда. Және өзінің талғамына құрметпен қарайтындар екінің бірінің бойынан табылатын әшекейлерді сатып алуға ықылас таныта қоймайтыны анық.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Сущая фура» деген материал берілген. Ақмола облысында үш ауданның полициясы КамАЗ жүк көлігінің дөңгелектеріне оқ атып, әрең тоқтатты. 25 қыркүйек кешқұрым Атбасар қаласы жол полициясы бекетінде көліктік бақылау қызметкерлері КамАЗ жүк автомашинасын тоқтатуға тырысқан екен. Алайда жүк көлігінің жүргізушісі қызметкерлерді елеместен бекеттен өтіп кеткен. Тек екі сағатқа жалғасқан қуғындаудан кейін ғана Есіл ауданындағы ауылдардың бірінің жанында жүк машинасының төрт дөңгелегіне оқ атылып, тоқтатуға мүмкін болды.
Анықталғандай, көлікті Оңтүстік Қазақстан облысының 38 жасар тұрғыны жүргізген. Ол Павлодар облысынан Қостанай облысына 28 тонна сәбіз жеткізбек болған. Жүк көлігінде контрабандалық тауар табылмаған. Сондықтан полиция жүргізушіге қатысты билік өкіліне бағынбағаны үшін қылмыстық іс қозғады.