Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотта психиатриялық сараптама қорытындысы ұсынылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қастандық жасау ісі бойынша өткен үшінші сот отырысында сот-психиатриялық сараптама қорытындысы жарияланып, жаңа куәгерлерден жауап алынды.

Сараптамаға қорытындысына сәйкес, айыпталушы Ернар Жиембай созылмалы психикалық аурумен, кемақылдылықпен ауырмайды және бұрын ауырмаған. Ол тергеу мен сот алдында жауап бере алады, мәжбүрлі емдеуді қажет етпейді деген қорытындыға келген.
Сотта қосымша куәгер ретінде айыпталушының досы, аппарат басшысының көмекшісі Даулет Көлбай тыңдалды.
— Ернармен таныс болғаныма 10 жылдан асты. Бір мектепте оқығанбыз. Сол күні маған хабарласты. Сағат 17:00 шамасында сөйлестік, жағдай сұрастық. Екі апта бұрын екеуіміз бірге түскі ас ішіп, қайтып келе жатқанда құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаевты көріп қалдық. Сол жерде ол «өтінішіңді жаз» деп, Руслан Арысбекұлының сөзін жеткізді. Ернар: «Не үшін жазуым керек?» — деді. «Жазбасаң, басқа іспен кетесің» деген сөз айтылды. Бірінші жиналыстан кейін сыртқа шығып сөйлестік, көңіл-күйсіз еді. «Жұмыстан кет деп жатыр, киіміме ескерту жасады» деді. Ары қарай толық ашып айтпады, — деді куәгер.
Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев бейнебайланыс режимінде жауап берді. Ол Жиембайға Берденовтің сөзін жеткізгенін растады.
— Жиналыста Руслан Арысбекұлы бұл қызметкер жұмыстан босатылуы керек екенін айтты. «Өзі өтініш жазады немесе тергеуге алынады» деді. Мен мұны тек Ернарға жеткіздім, — деді ол.
Тәжібаевтың айтуынша, Жиембайдың жұмысына қатысты ешқандай шағым болмаған.
Сот залында Руслан Берденовтің ауруханадан берген екінші жауабының бейнеүзіндісі көрсетілді. Судья Әбінұр Қарабаев жәбірленушінің сот отырысына қатысу керектігін ескертті.
— Егер дүйсенбі, 18 тамызда жәбірленуші сотқа онлайн болса да қатыспаса, жауап толықтай қайта көрсетіледі, содан кейін тараптардың жарыссөзі басталады, — деді ол.
Сондай-ақ әкімдіктің ішкі бақылау камераларынан алынған жазбалар көрсетілді. Онда қастандық жасалғаннан кейінгі әрекеттер, соның ішінде полиция мен криминалистердің келген нақты уақыты бейнеленген.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.