Руслан Берденовке жасалған қастандық: сотта күдіктінің қалай ұсталғаны айтылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына жасалған қастандыққа қатысты алғашқы сот отырысы аяқталды. 

Руслан Берденовке жасалған қастандық: сотта күдіктінің қалай ұсталғаны айтылды
Фото: Kazinform

Үш куәгерден жауап алынды. Келесі аптадан бастап сот отырыстары аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері өтетін болады.

Сот отырысында куәгер ретінде полиция инспекторы, майор Жанарыс Айтпаев жауап берді.

Оның айтуынша, 21 сәуір күні кешкі сағат 20:00 шамасында ол досымен бірге аллеяда болған. Арада 40–45 минуттай уақыт өткен соң, сол жерге бір автокөлік келіп тоқтап, ішінен 30 жастағы Ернар Жиембай түскен.

Жанарыс досымен қоштасып, кетпек болған сәтте кенеттен оқ атысын естіген. Алыстан Жиембайдың қару кезеп атқанына куә болған. Сол сәтте көлік жүргізушісі оны залалсыздандыру мақсатында қағып өткенін көрген.

Куәгердің айтуынша, оқиға бес минуттың ішінде болған. Жанарыс шамамен 100 метр жүгіріп барып, Жиембайды жерге құлатып, полиция қызметкерлері келгенше ұстап тұрған.

Осыдан кейін ол күдіктіні оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне тапсырды да, өзі кетіп қалған.

Судья Жанарыстан полицияда оның батыл әрекеттері үшін алғыс хат немесе марапат түрінде қандай да бір ресми бағалау болған-болмағанын нақтылап сұрады.

Майор бұл әрекеті үшін әзірге ешқандай ресми алғыс білдірілмегенін айтты.

Куәгерлерден жауап алу аяқталды.

Келесі сот отырысы 13 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді. Бұл күні Руслан Берденовтің жүргізушісінен жауап алу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі басталғанын жазған болатынбыз. 

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті. 

Руслан Берденовтің ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар