Руслан Желдібай соңғы кадрлық ауыс-түйіске қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM –  Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты  түсініктеме берді. 

Руслан Желдібай соңғы кадрлық ауыс-түйіске қатысты мәлімдеме жасады
Фото: freepik.com

— Кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл — әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат — мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту, — деді ол.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі.

— Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі, — деді Руслан Желдібай. 

Айта кетелік Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған еді

Соңғы жаңалықтар