С.Кулагин: Конституция 20 жылдың ішінде барлық заңдардың мазмұны мен мағынасын анықтаған құқықтық жүйенің ошағына айналды

Құттықтау мәтінінде:
«Құрметті ақмолалықтар!
Мемлекетіміздің ең ұлық та, қастерлі мерекелерінің бірі - Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған шынайы құттықтауымызды қабыл алыңыздар. Биылғы жыл біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын мақтанышпен атап өтеміз.
Тәуелсіз еліміздің негізгі заңында адам және оның өмірі, құқығы мен еркіндігі ең басты құндылықтар ретінде қарастырылады. Бұл азат елдің тұғырын биіктеткен, болашағын айшықтаған асқақ арнасы іспеттес. Осы жылдар ішінде Ата Заңымыз уақыттың ағынымен алға жылжып, өзінің өміршең екендігін айғақтаумен келеді. Егер Конституциямыздың басты ереже-талаптарына сүйенсек, онда елдің жаңа заманмен тоғысып, жаңғыруы, нарықтық экономиканың іргесін қалау және демократиялық қоғамның негіздерін қалыптастыру сияқты құнды да маңызды арналар көрініс табады. Қазақстан халықаралық аренада бейбітсүйгіш ел ретінде танылып, әлемдік экономикалық жүйеде де өзінің лайықты орнын алды.
Ата Заңымыз осы жылдар ішінде барлық заңдардың мазмұны мен мағынасын анықтаған құқықтық жүйенің ошағына айналды. Жаңа Қазақстанның толымды табыстарының және этносаралық, конфессияаралық ынтымақтың негізгі құқықтық алғышарттарының көрініс табуына жан-жақты ықпал етті.
Ол әр ұлт өкілінің тең құқығы мен бостандығын, ұлты мен нәсіліне қарамастан діни сенімі мен саяси көзқарасына кепілдік береді. Қазақстанның әрбір азаматы мәдени және рухани даму, ана тілінде сөйлеу мен меңгеру, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғыртуға деген құлшыныстары артып, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін жаңаша сипатта жандандыруға мүмкіндік алды.
Осының барлығы біздің Президентіміз, көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Ата Заңымыз тарихи мақсаттарды жүзеге асырудың және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу стратегиясының орындалуына мықты негіз қалайды.
Біз бен сіздер келешегімізге сеніммен қарап, межелеген жоспарларымызды жүзеге асыру үшін қарышты қадам басып келеміз. Ол біздің тәуелсіз Қазақстанымызды гүлденген, өркендеген елге айналдыру. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, өндірісін өркендету, әлеуметтік саланы дамытып, ғылымы мен білімін, денсаулығы мен мәдениетін өркениет биігіне шығару болып табылады.
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары! Сіздер туған еліміздің одан әрі дамуына лайықты үлес қосып келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, ізгіліктер мен табысты істерді шын жүректен тілегім келеді.
Қадірлі жерлестерім, Конституция күні құтты болсын!», деп атап көрсетілген.