С. Нокин: 6 облыста тұрғын үйді салудың жылдық жоспары орындалмауы мүмкін

Мәселен, 6 өңірде тұрғын үйді іске қосудың жылдық жоспары орындалмауы мүмкін. Парламентте «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.
Агенттік төрағасының айтуынша, Қарағанды облысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары 30,2 мың шаршы метр болса, бұның тек 12,8 мың шаршы метрі (42%) орындалуы мүмкін.
«Ал Маңғыстау облысы бойынша 24 мың шаршы метр орындалмайды деп күтіледі. Павлодар облысында іске қосудың жылдық жоспары 30,0 мың шаршы метр болса, іс жүзінде 167 мың шаршы метр немесе 55,7% ғана жүзеге аспақ. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша іске қосудың жылдық жоспары 17,8 мың шаршы метр, іс жүзінде 10,8 мың шаршы іске қосылады деп күтіліп отыр. Алматы қаласы бойынша 50,9 мың шаршы метр жоспарланса, іс жүзінде 22,9 мың шаршы метр немесе тек 45% іске қосылады. Астана қаласында жоспардың тек 70,5% пайызы ғана орындалуы мүмкін», - дейді агенттік төрағасы. Оның айтуныша, тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін кейбір әкімдіктер пәтерге құқық беретін құжаттарды ресімдеуді де дұрыс жүргізбейді. Ресімдеу үдерісі кейде 2 айдан 4 ай және одан да көп мерзімге созылып кетеді. «Ал мұндай мерзім ішінде Тұрғын-үй-Құрылыс-Жинақ-банкінің пәтерге құқық белгілейтін құжаттарсыз қарыз беруге мүмкіндігі болмай қалады. Ал азаматтар тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша қосымша шығындарға ұшырайды. Сондықтан, азаматтардың мүддесі үшін жергілікті жерлерде бақылауды күшейту қажет. Бұған мәслихаттар қоғамдық ұйымдарды тарта отырып көмек көрсете алады деп санаймыз», - деді ол.