С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да «Тәуелсіз Қазақстан: тарихы мен тағылымы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Шараны С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы және Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры ұйымдастырды.
Конференция жұмысын С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев ашты.
Қазақ елі 20 жылда мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырды. Еліміз әлемнің саяси және экономикалық алаңында жетекші рөлге ие болды. Азаттық таңы талай тарихтың сырын ашып, тамырын тереңге жайды. Алаш жұртының ұлт мүддесі жолындағы еңбегін жарыққа шығарып, бүгінгі ұрпаққа тағылым етті. Одан бөлек, мұрағаттарда сырын ішінде бүккен әлі талай тарихи құндылықтардың, ақиқат ақпараттың бары анық. Ұлт зиялылары бас қосса, көкейдегі ойларын пікірлесу арқылы бір арнаға тоғыстырып жатады.
Іс-шара барысында Тәуелсіз Қазақстанның егемендікті қалыптастыру мен тұғырын бекіту мақсатында 20 жылдың ішінде жүргізілген реформалардың нәтижесінде өзіндік қазақстандық жолдың қалыптасқандығына ғылыми баға берілді.
Конференция жұмысына ҚР Президенті әкімшілігінің, министрліктердің, ғылыми-зерттеу институттары, Астана қаласы әкімдігі өкілдері, елімізге белгілі ғалымдар, соның ішінде ел Тәуелсіздігінің іргетасын қалауға атсалысқан қоғам қайраткерлері қатысты. Ғылыми мәжілісте ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры М.Жолдасбеков, қоғам қайраткері Қ.Сұлтанов, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Д.Қыдырәлі, жазушы, қоғам қайраткері У.Қалижанұлы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ құрметті қызметкері К.Сағадиев, жазушы, қоғам қайраткері А.Смайыл, «Мирас» мектебінің директоры, PhD докторы Кристофер Тамплин тағы да басқа ғалымдардың баяндамасы тыңдалды.
Қатысушылар өз пікірлерін «Тәуелсіз Қазақстан: жетістіктері мен басымдықтары», «Қазақстандық патриотизм: көпұлтты халықтың ұлттық сана-сезімі және бірегейлігі», «Полилингвальды Қазақстанның этномәдени мұрасы», «Астана - тәуелсіз Қазақстанның символы» тақырыптары бойынша жұмыс істеген секцияларда білдіре алды.
Конференция соңында Тәуелсіздігіміздің төл туындылары саналатын тарихи маңызы бар шаралардың барлығын ұлттық құндылығымыз ретінде насихаттау туралы резолюция қабылданды.