Сәбиімнің 18 миллионыншы болып дүниеге келгенін енді ғана естідім - анасы
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны болып дүниеге келген сәбидің анасы ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. Нәрестенің анасы Диана Омарxанова сүйінші хабарды жаңа ғана естідім деп ағынан жарылды.
- Диана Ерікқызы, жаңалықты естіп қуанып жатырмыз. Талдықорғандық сәбидің еліміз бойынша 18 миллионыншы тұрғын атануы, шаһарымыз үшін үлкен мәртебе. Шын жүректен құттықтаймын. Осы сүйінші хабарды қайдан, қашан естідіңіз?
- Жаңа ғана естідім. Бір сағаттың шамасы ғана болды.Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қоңырау шалып, сүйінші сұрады. Құттықтады. Әрине, бұл жаңалық біздің отбасымыз үшін тосынсый болды. Өңім емес, тура түсім сияқты.
- Сүйінші хабарды кіммен бірінші бөлістіңіз?
- Жолдасымнан бұрын, енем естіді. Енеммен қуанышты хабарды бірінші болып бөлістім. Әулетіміздің бақыты еселеніп жатқанына мыңда бір шүкір деп, ата-аналарымыз да қуанып жатыр.
- 18 миллионыншы тұрғынның есімі ерекше екен. Атын кім қойды?
- Жолдасым Самат екеуіміз ақылдасып Муслима деп атадық. Бұл есім «Аллаға бой ұсынушы», «Алланың сүйген құлы» деген мағына береді.
Муслиманы 11 мамыр күні кешкі сағат 20:15 босандым. Талдықорған қалалық перинаталдық орталығында сәбиім 3 келі 300 грамм, бойы 51 см болып дүниеге келді.
- Отбасыңыз жайлы жаңалықтармен бөліссеңіз?
-Мен өзім Алакөл ауданындағы Үшарал қаласының тумасымын. Жолдасым Ақсу ауданы Суықсай ауылында дүниеге келген. Екеуіміз де жетісулықпыз. Мен 1991 жылы, ал жолдасым 1982 жылы туған. Қуанышты хабарды ата-енемнің үйінде естідік. Қазір ғана Суықсайдан Талдықорғанға жолға шығып барамыз. Қала әкімі ертең бізді қабылдап, құрмет көрсететінін жеткізді. Өзім де, жолдасым да отбасында төрт ағайындымыз. Мен үйдің тұңғышымын.
- Жолдасыңыз, өзіңіз мектепте істейді деп естіп қалдым. Ұжым үшін де бұл үлкен қуаныш емес пе?!
- Әрине, жолдасым Бестібаев Самат Еркінбекұлы қаладағы Ломоносов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мен №16 орта мектеп гимназиясында дефектолог болып жұмыс істеймін.
- Муслима жанұяларыңыздың екінші баласы. Тұңғыштарыңыз ұл, әлде қыз бала ма?
-Тұңғышымыз ұл. Есімі Сұлтан. 2,5 жаста.
- Қандай әсерде отырсыз?
- Біріншіден, құттықтап, қуанышымызды бөлісіп, қоңырау шалып жатқан барша ағайынға, халқыма үлкен алғысымды білдіремін. Әрдайым шаңырағымыз шаттық пен бақытқа, сәбидің үніне толсын. Қазақ саны көбейіп, демографиялық ахуалымыз жақсара берсін.
- Сұхбатыңызға рахмет! 