Сәбина Алтынбекова спорттық киімдер желісін шығарды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық волейболшы Сәбина Алтынбекова өзінің спорт киімдері желісін іске қосты.
Бұл жөнінде спортшы Instаgram-дағы жеке парақшасында жазды. Сәбина Алтынбекова өзінің киімдер желісін Zibroo Sportswear брендімен бірлесіп әзірлеген. Киім логотипі Сәбинаның құрметіне - S20 деп аталған.
Топтамаға спорттық киімдердің мынадай түрлері енді: жеңіл жейделер, свитшоттар, спорт костюмдері және т.б.
Сүйкімді волейболшының киімдер дүкені Алматыда Сейфуллин даңғылы, 534 мекенжайы бойынша орналасқан. Ол 19 қарашада ашылады. Бұл күні 13.00-де Сәбина дүкенге келіп, жанкүйерлеріне қолтаңба таратады, сондай-ақ олармен суретке түсетін болады.
Айта кетейік, Zibroo компаниясы Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы үшін костюмдер тіккен болатын.