Сабырлы, білімді, төзімді, салиқалы халқы бар елдің болашағы жарқын - жазушы С. Досанов

-Сәбит аға, ел экономикасындағы өзгерістерге қандай оқиғаларды жатқызасыз, сонымен қатар өткен жылы болған ел тарихындағы қандай оқиғаларды маңызды деп білесіз?
-Тұтастай алғанда, 2009 жылы әлемдік дағдарысқа қарамастан саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, спорт және тағы басқа да салаларда болсын, еліміз үлкен табыстарға, жетістіктерге жетті. Оны мемлекеттің сауатты жүргізген экономикалық әрі әлеуметтік саясатының нәтижесі деуге болады. Елімізде өндіріс орындары ашылып жатыр. Индустриялық-инновациялық дамуға бет алдық. Өндіріс өркендемей, өмір өрге баспайды. Оны кеш те болса түсіндік. Зауыттарды ашып, фабрикаларды іске қостық. Биотехнологияға мән бере бастадық. Бұл да өткен жылдың жақсы белгісі. Серпінді оқиғасы. Осылайша, Үкіметіміз отандық өндірістің ойдағыдай дамуына жағдай жасай берсе деймін. Ауыл шаруашылығымызда да үлкен табыстар бар. Биыл Қазақстан тарихында болмаған астық алынды. Бұл ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің өміріндегі үлкен оқиғасы мен жетістігі. Оны ауыл еңбеккерлерінің «Еңбектегі ерлігі» деп бағалау керек. Елбасы да бұл жетістікпен диқандарды құттықтады. Қазақстан бүгінде ұн экспорттаудан алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл да біздің үлкен жетістігіміз, бәсекеге қабілеттілігіміз. Өткен жылы мемлекет алданып қалған үлескерлерді қамқорлыққа алып, өз бюджеттен ақша бөліп, үлкен көмек көрсетті. Мемлекеттің тірегі халық қой, халық болмаса мемлекет бола ма? Елбасымыз бұған бас болып, мемлекеттік қордан қаражат бөліп, Алматыда да, Астанада да алданған үлескерлер қуанып, үйлерін алып жатыр. Халықтың қуанышынан үлкен қуаныш бар ма? Бұл да үлкен оқиға болды, халықтың көз жасы құрғады. Бұл жағдай басқа мемлекетте болмаған нәрсе. Бұл ел Президентінің еңбегі деп білемін. Сондай-ақ өткен жылы, мемлекет банктерді құлатпай аман алып қалды. Өткен жыл еліміздің экономика саласында да, қаржы әлемінде, банктердің дағдарыстан шығып, оңалуға бет бұрған жылы болды. Қазақстан экономикасы өткен жылды оң табыспен аяқтады. Үкіметіміздің қолға алған жедел шаралары нәтижесінде экономикалық тоқырау болған жоқ. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының арқасында, қаржылай көмектің арқасында банктеріміз банкротқа ұшырамай, жұмыс істеп жатыр. Үкіметтің банк саласына дәл уақытында тигізген көмегі өте орынды болды деп баға беруге болады. Сонымен қатар, өткен жылдан бері тиянақты дайындалып, кірісіп кеткен биылғы жылдың ең басты, маңызды оқиғасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз деп санаймын. Бұл оқиға біздің тарихымызда алтын әріппен жазылатын оқиға. Одан кейінгі үлкен оқиға ретінде халық санағын айтқым келеді. Өйткені, қоғамның басты байлығы - адам десек, әрбір елдің экономикалық өсімі - халықтың санына, білімі мен мәдениеті және өмір сүру деңгейіне байланысты. Өткен жылғы санақ қорытындысы бойынша, біздің ұлтымыздың үлесі 67 пайызға жеткендігі үлкен қуаныш санаймын. Бұл бұрын-соңды тарихта болмаған нәрсе. Оған тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткіздік деп білемін. 5-10 жылдан кейін жақсы қарқынмен өсетін болсақ, қазақтың үлесі 80 пайызға жетсе, мемлекеттік тілге қатысты айтылып, көтеріліп жүрген мәселелер күн тәртібінен түсіп қалады.
Былтыр жыл аяғына қарай құрылған Кедендік одақ та еліміздің сауда-экономикасындағы жаңа бағыт. Кедендік кеңістік ТМД елдерінде ғана емес, әлем экономикасы үшін үлкен жаңалық болды. Кедендік одаққа кірген Қазақстан, Беларус, Ресей елдері арасындағы бірегей кедендік саясатты ұстану, экономикаға әсер етіп, өзгерістерге әкеліп, ол тіпті әлемдік үрдістерге де әсерін тигізері сөзсіз. Кедендік одаққа қосылғаннан ұтатын да, ұтылатын жағымыз да бар. Еркін сауда аймағы, тауарлардың кедергiсiз орын алмасуы - бұл алдымен бәсекелестікті арттырады. Жеке мемлекет болсын, жеке адам болсын, өзінің қазанында қайнай беруге болмайды. Қанатын кеңге жаю керек, кеңейту керек. Кейбір мәселелерден ұтылуымыз мүмкін, бірақ түптеп келгенде, қалай болғанда да ұтысқа шығамыз деп ойлаймын. Өзімізді олармен салыстырып, кемшіліктеріміз болса түзейміз, жақсылығы болса үйренеміз. Өзіміз үйретеміз. Оны да баса айту керек. Өйткені, бұрын үйренетін ел ғана едік, бүгінгі күні, азаттық алғаннан кейін үйрететін елге айналдық. Басқа елдер бізден үлгі ала бастады.
- Мәдени кеңістік туралы ойңызды тарата түссеңіз?
- Былтыр Астананың төрінде «Қазақ елі» монументі ашылды. Бұл төрт бұрышымыз түгенделіп, өткен тарих пен болашақ байланыстырған ел өміріндегі елеулі оқиға болды. Тарихи - мемориалдық «Қазақ елі» кешенін- мемлекетіміздің ұлттық мақтанышына айналған бірегей архитектуралық ғимарат болды десем, артық айтқандық емес. Американың атақты Бостандық монументі, Францияның Эйфель мұнаралары іспеттес айтулы ескерткіш болды. Бұл монумент өз шешімін жақсы тапқан деп ойлаймын. Бірақ менің бір ұсынысым бар, монументтің жан-жағындағы бос тұрған кеңістікке алаштың ардақтылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды азаттықтың басында тұрған азаматтардың ескерткіштерін қойып, жан-жағын толықтырса дұрыс болар еді. Сонымен қатар, алғаш рет қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керей хандардың ескерткіштерін де сол жерге сыйыстыруға болады. Ол қуысқа қою міндет емес, кіргізудің қажеті де жоқ, ол жерге қойса екінші планда қалып қояды. Монументтің айналасына азаттық үшін күрескен азаматтардың, хандарымыздың ескерткіштерімен қоршау керек деп санаймын. Сонда шын мағынасындағы үлкен, толыққанды «Қазақ елі» монументі болып шығады. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы да өткен жылы жалғасын тапты. Осы бағдарлама аясында біршама тарихи жәдігерлеріміз қазба жұмыстарының арқасында жарыққа шығып, бірқатар мәдени-тарихи ескерткіштеріміз қайта қалпына келтіріліп, құнды шығармаларымыз басылды. Ғылыми экспедициялар нәтижесінде шетелдер мұрағаттарындағы мәдени мұраларымыз жинақталды. Өткен жылы кино өндірісінде де біраз жетістіктер болды, кино саласында үлкен бір серпіліс болды десе де болады. Қазақфильм - Орталық Азиядағы ең жақсы жабдықталған киноиндустрия орталығына айналды. Кинофильмдер өндірісіне республикалық бюджеттен жақсы қаражат бөлінді.
Осының бәрі мәдени өміріміздегі үлкен оқиғалар, бұрын бізде мұндай жағдайлар көп бола бермейтін.
- Болашаққа деген қандай болжамыңыз бар?
-Мен оптимист адаммын. Қиын кезеңдерде де елімнің болашағына сенемін деп сұхбат бергенмін. Біздің еліміздің дәрежесі халықаралық дәрежеге дейін өсті. Биылғы жылғы төрелігіміз сәтті өтеді деп ойлаймын. Еуропаны біз тағы да риза етеміз. Өркениетті елдер алдында біздің беделіміз өседі деген сенімдемін. Балгер болмасам да осындай болжамым бар. Еліміздің жасаған экономикадағы, мәдениеттегі, барлық саладағы жоспарлары ауқымды. Биылғы жылы да осы жоспарлар жалғасын табады. Өткен жыл қандай жақсы болса, биылғы жыл одан да жақсы болады деп сенемін. Ол сенімімнің негізі ұйымшыл, сабырлы халқымыз. Осындай білімді, төзімді, салиқалы халқы бар ел, соған сай Президенті бар халықтың болашағы жарық та жарқын болады деп ойлаймын.
-2009 жыл өз өміріңізде несімен ерекше болды? Жанұяңызда, шығармашылығыңызда ерекше оқиғалар, жетістіктер, қуанышты жағдайлар болды ма?
-Менің өмірімде үлкен бір жаңалық болды. Соңғы 15 жыл өмірімді 4 томнан тұратын эпопеямды жазуға арнадым. Биыл бітіріп, алғашқы 4 томы жарыққа шықты. Оның 2 томы орыс тілінде шықты. Осыған байланысты Ресей БАҚ-тары бұл эпопеяма «Абай жолы» романынан кейінгі үлкен шығарма деп баға беріп жатыр. Бұл менің өмірімдегі ең бір үлкен оқиға, үлкен қуанышым болды.
- Әңгімеңізге рахмет!