Садақ атудан Әлем кубогы: қазақстандықтардың нәтижесі қандай болды

АСТАНА. KAZINFORM — Садақшы Дәулеткелді Жаңбырбай Түркиядағы Әлем кубогы кезеңінде 13-орын алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Садақ атудан Әлем кубогы: қазақстандықтардың нәтижесі қандай болды
Фото: ҰОК

Қазақстандық садақшылар Антальяда (Түркия) өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогының кезеңіндегі жекелей жарыстарды аяқтады.

Классикалық садақ атудан Дәулеткелді Жанбырбай 13-орынға ие болды. Медина Мұрат қорытынды хаттамада 43-орынға тұрақтаса, Ильфат Абдуллин 57-орын, Александра Землянова 70-орын, Самира Жұмағұлова 73-орын, Дастан Кәрімов 74-орын, Иван Берча 75-орын және Диана Тұрсынбек 81-орын алды.

Блокты садақ атудан ең жоғары нәтижені Диана Юнусова көрсетті. Ол жарысты 17-орынмен аяқтады. Мұса Ділмұхамет 23-орынға, Виктория Лян 27-орынға, Адель Жексенбинова 41-орынға, Роксана Юнусова 48-орынға ие болды. Ақбаралы Қарабаев 55-орын, Андрей Тютюн 56-орын және Бунед Мирзаметов 57-орыннан көрінді.

Айта кетейік, бұған дейін Виктория Лян мен Ақбаралы Қарабаев аралас командалар арасындағы блокты садақ атудан жарыста алтыншы орын алған болатын.

Сондай-ақ блокты садақ атудан әйелдер командалық сайысында Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова жетінші орынды иеленсе, ерлер құрамасындағы Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн оныншы нәтиже көрсетті.

Бұдан бұрын Қазақстан Түркиядағы садақ атудан әлем кубогы кезеңінде тағы да үздік ондыққа енгенін жазғанбыз.