Сафия, Садия, Самия: Түркістан облысында үшем өмірге келді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы №2 перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді. Үшеуі де қыз бала. Туыстары сәбилерге Сафия, Садия және Самия деген есімдер берді.
Дәрігерлер 4 мамырда жүктіліктің 32 аптасында медициналық көрсеткіштерге сай анаға кесарь тілігін жасап, нәрестелерді аман-есен босандырып алған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сәбилердің туған кездегі салмақтары 1775, 1990 және 1850 грамм болған.
– Қазіргі таңда мерзімінен бұрын туған нәрестелердің жағдайы тұрақты. Үшемдерге туыстары Сафия, Садия және Самия есімдерін қойған, – делінген хабарламада.
Сәбилердің анасы 38 жастағы Тұрсынай Орынбаева Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында тұрады. Мамандығы – дефектолог-логопед. Әкесі Мамуржан Орынбаев еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Отбасы бұған дейін де екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр.
Анасының айтуынша, жүктіліктің 14 аптасында №2 облыстық перинаталдық орталықтың ана мен баланы қорғау бөлімінде ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер үшем күтіп отырғанын хабарлаған.
– Бұл жаңалықты естіген сәтте ерекше толқыныс пен қобалжу сезімін бастан өткердім, – дейді көпбалалы ана.
Үшемдер 22 тәуліктен кейін үйлеріне 2018, 2010 және 2008 грамм салмақпен шығарылды. Сәбилер осы уақыт аралығында нәрестелердің жан сақтау бөлімшесінде және арнайы күтімді қажет ететін бөлімшеде қажетті медициналық бақылаудан өтіп, жағдайлары толық тұрақтанған.
Бүгінде ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы. Дәрігерлер сәбилерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірге бейімделуіне жан-жақты қолдау жасады. Сәбилердің ата-анасы медицина қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, №2 облыстық перинаталдық орталықта 2024 жылы 3 үшем дүниеге келген. Ал 2026 жылдың басынан бері орталықта 1810 нәресте өмірге келсе, соның ішінде алғашқы үшем және 35 егіз тіркелген.
Бұдан бұрын Түркістанда 41 жастағы әйел үшемді дүниеге әкелгенін жазған едік.