«Сағадиев реформасы: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Павлодар облысында 2013 жылы «Орталық - Шығыс» автобаны аясындағы «Ертіс өзені арқылы өтетін көпір» және «Павлодар қаласын батыс жағынан айналып өту жолы» жобалар бойынша құрылыс жұмыстары басталған.
Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. «Қазавтожол» АҚ «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан алып көпір кешені биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп отыр.
Сөйтіп, өткен аптада Ертіс өзенінің екі жағалауынан қарама-қарсы бағытта бір уақытта басталған құрылыс түйісіп, су үстіндегі аспалы көпірдің ортасы жалғанды. Ақсу мен Павлодар аралығындағы алып көпір құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар да бір-бірлерімен құшақтасып, өздерінің ғасыр жобасын салуға қатысқандарын осындай құрметпен ерекше есте қалдырды. Екіншіден, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл күндері «Өскемен - Павлодар - Астана» автожолының да құрылысы жүргізілуде. Жолдың басым бөлігі біздің өңірмен өтеді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Ерсін Сариевтің айтуынша, жалпы, көпір құрылысындағы негізгі жұмыстар аяқталыпты. Жобаның жалпы құны - 53 млрд 808 миллион теңге. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстарына қолданылып жатқан материалдар отандық өнімдер. Ұсақ тастар, битум, құм аралас қиыршық тастар барлығы да жергілікті кәсіпорындардан жеткізіледі. Көпірді толық түрде іске қосу үшін 10 мың тонна металл және 30 мың текше метр бетон пайдаланылады. Бұл туралы «Жаңа көпір арасы түйісті» атты материалда толық берілген.
Бас басылымда «Жемқорлар пирамидасы» деген көлемді мақала жұртшылық назарына ұсынылып отыр. «Сонау 2008 жылдың қараша айында Астанада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде үлкен форум өтіп, ұлттық-экономикалық дамуымызға, халықтық болмысымызға қауіп төндірген қатерлі індетті жоюдың нақты жолдары айқындалған еді. Сол форумнан кейін іле белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталымен сұхбат өткізіп, енді бұл қатерлі індетке елімізде тосқауыл қойылатынына кәміл сенген едік. («Егемен Қазақстан», 2008 жыл, 30 желтоқсан). Ақиқатын айтсақ, бұл балалық екен. Содан бергі өткен сегіз жыл ішінде сыбайлас жемқорлық қасіретінің беті қайтпақ түгілі, қазақи кеңістігімізді жегі құрттай жайлап кетті. Әсіресе, соңғы екі-үш жылда бұл қатерлі індетке шалдықпаған билік тармағы қалмады. «Түйені жүгімен, биені түгімен жұтатын» әкім-қараларды былай қойғанда, бұрынғы Үкімет басшысының өзі 10 жылға түрмеге қамалды. Жоғарыда айтқан сұхбатында Амангелді Айталы ағамыз «Жемқорлардың да өз пирамидасы бар» деген қағиданы алға тартқан еді. Олигарх кәсіпкер мен салық агентінің арасындағы қарым-қатынас арқылы бұл тұжырымын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп те берген. «Жемқорларды жеңеміз» деген форумның буынан бас айналып жүрген сол кезеңде бұл тұжырымның астарына мән беріп, терең түсіне алмаппыз. «Бақсам бақа екен» демекші, жемқорлар пирамидасы дегеніміз кейбір ірі шенеуніктердің қызмет ауыстырғанда бірге көшіп жүретін командасы екен»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстаған су жаңа министр тағы бір дүниенің шетін қылтитты.Ол министрдің орынтағына жайғаса салысымен, «үш тұғырлы тіл» саясатын бекем ұстайтынын білдірді»,-деп жазады «Айқын» газеті.
Биылдан бастап Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасалмақ. Министр реформаның бірінші кезекте орыс мектептеріндегі қазақ тілінің сағаттарын көбейтуден және оның сапасын арттырудан басталатынын, ал жалпы орта мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасы бұрынғы қолданыста қалатынын жеткізген. Осы жайында «Сағадиев реформасы: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Өмір жолын көлік жолы үзбесін!» деген мақала берілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын шамамен 20 миллион жол апаты орын алып, онда 1,2 миллиондай адам қаза табады және 50 миллиондай жан түрлі жарақат алып, мертігеді. Дегенмен, жолда орын алатын апатты жағдайға қарсы пәрменді шараларды қолға алған елдер бұл қайғылы көрсеткішті 10-нан 50 пайызға дейін азайта алған. Мысалы, Малайзияда жолдағы өлім-жітім саны әрбір 10 000 көлікке 3 адамнан келеді. Қазақстан да жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітімді азайтуға қол жеткізуде.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жолдардағы апаттылық және жарақат алу жағдайы бойынша биылғы І тоқсанның қорытындыларын шығарды. Ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша 2016 жылдың 3 айында, 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 3,1 пайызға төмендеген.
***
«Казахстанская правда» газетінде «Миллионы быстрых бесплатных услуг» деген мақала жерияланды. eGov порталының пайдаланушысы ретінде 5 миллионнан астам адам тіркелген екен немесе бұл Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың жартысынан астамы. Осы ретте ел азаматтарына 240 электронды қызметтер мен сервистер қол жетімді болып отыр. Атап айтқанда, электронды үкіметтің инфрақұрылымы арқылы 130 миллионға жуық қызмет көрсетілген көрінеді.