САҒЫНОВ ӘБІЛҚАС САҒЫНҰЛЫ

Сағынов Әбілқас Сағынұлы - көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Жаратылыстану Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты.

САҒЫНОВ ӘБІЛҚАС САҒЫНҰЛЫ

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Баянауыл кентінде дүниеге келген. Қарағанды тау-кен техникумын, Днепропетровск тау-кен институтын бітірген. Еңбек жолын «Прибалхашстрой» тресінің Өспен руднигінде моторист болып бастаған. 1939-1948 жылдары - Қарағанды көмір бассейндерінде учаске бастығы, бас инженер, шахта бастығы, техникалық бөлімінің меңгерушісі. 1948-1951 жылдары - Қарағанды ауданы мемлекеттік қалалық техникалық қадағалау басқармасының бастығы, «Қарағандыкөмір разрездері» тресінің бас инженері. 1951-1955 жылдары - Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу көмір институты Қарағанды филиалының директоры (1952 жылы Әбілқас Сағыновтың басқаруымен Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институты болып құрылған). 1955-1958 жылдары - Қарағанды тау-кен институтының ректоры. 1958-1987 жылдары - Қарағанды политехника институтының ректоры, кафедра меңгерушісі. 1987-1991 жылдары - Қарағанды политехника институты ректорының кеңесшісі. 1991-2001 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтының директоры. 2001-2006 жылдары Қарағанды бизнес, басқару және құқық университетінің президенті қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері көмір қабаттарын қолайлы жүйелермен өндіруге, тау-кен техникасын кемелдендіруге, жер асты құрылыстарының беріктігін зерттеуге, шахта алаңдарын аршу және дайындау сұлбаларын жетілдіруге арналған.

Әбілқас Сағынов пайдалы қазбалар орындарын игерудің кешенді механизациясы мен технологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаған. Әбілқас Сағыновтың басшылығымен және тікелей қатысуымен Қарағанды көмір бассейнінде алғаш рет кертпешті және үшқабатты қазу, күкіртті газы бар қаттарды қазудың технологиясы, массивті физикалық-химиялық беріктеу, тағы басқа бойынша кешенді тәжірибелік жұмыстар мен өндірістік сынақтар жасалған.

«Көмір өндірудің технологиялық есебі процестері» (1961 ж., тең авторлы), «Көмір шахталарының технологиялық схемаларын біріктіру» (1974 ж., тең авторлы), «Қарағанды бассейнінің көмір қабатын әзірлеу мәселелері» (1976) «Пластикалық карьер конвейерлерінің есебі және жобалау негіздері» (1984 ж., тең авторлы), «Мәшиненің соғу органдарының гидроимпульсті жүйесін құрудың теориялық негіздері» (1985 ж., тең авторлы), «Механикалық ұстамдарды жетілдіру және дамыту жолдары» (1992 ж., тең авторлы), «Өткен белестер туралы» (1995) еңбектері мен 300-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның ішінде монографиялар, авторлық куәліктер мен патенттер бар.

КСРО Жоғарғы Кеңесі VІІ - шақырылымының депутаты. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы.

Әбілқас Сағынов Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, екі мәрте Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том.