Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сағынтаев мемлекет меншігінде қалатын нысандардың тізімін жасауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне мемлекет меншігінде қалатын нысандардың тізімін жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағынтаев мемлекет меншігінде қалатын нысандардың тізімін жасауды тапсырды

«Жекешелендіруге жататын нысандарды сату кестеге сай жүріп жатыр. Көрсеткіштерді көрдік, сатылғандары 50 процентке жуықтады. Міне, осы кестеден таймау керек және жылдың соңына қарай, белгіленген мерзімде барлық нысандар сатылуы тиіс. Бұған қоса Мемлекет басшысының мемлекет меншігінде қалатын нысандардың тізімін жасауға қатысты тапсырмасы бар. Осыған байланысты Ұлттық экономика  министрлігі мен қаржы институттары оларды бекіту бойынша жұмыс жасауы қажет. Асқар Ұзақбайұлы (ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин), бақылау сізге жүктеледі», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында мемлекеттік нысандарды жекешелендіру жайында баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2014 жылғы маусымнан бастап 2017 жылғы 23 маусымға дейін 125,5 млрд. теңгеге 451 нысан сатылды.  

Сонымен қатар ол ұлттық басқарушы холдингтер құрамына кіретін мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен активтерді сатудан түсетін болжамды табыс 4-7 млрд. АҚШ долларын құрайдытындығын айтқан еді.